Әлемде: Трампқа қастандық ісі, Бейжіңнің мәлімдемесі және Мәскеудегі алапат қар

Әлемде соңғы тәулік ішінде болған маңызды халықаралық жаңалықтар топтамасы.

 ©BAQ.KZ коллажы Бүгiн 2026, 10:15
Бүгiн 2026, 10:15
219
Фото: ©BAQ.KZ коллажы

BAQ.KZ cоңғы тәулік ішінде болған маңызды халықаралық жаңалықтар топтамасын ұсынады. Бұл шолуда әлемдегі жалпы жағдайды көрсететін оқиғалар қамтылды.

Трампқа қастандық жасаған күдіктіге ресми айып тағылды

Вашингтондағы федералды сот Вашингтондағы қонақүйлердің бірінде Дональд Трамптың қабылдауы кезінде оқ жаудырған Коул Алленге «АҚШ президентінің өміріне қастандық жасады» деген айып тақты.

Отырыс небәрі 13 минутқа созылды. Сонымен қатар ер адамға қару тасымалдау және оны заңсыз пайдалану айыбы тағылды. Судья ең ауыр жаза - өмір бойына бас бостандығынан айыру екенін айтты. Шабуыл жасаушы қамауда. Келесі сот отырысы 30 сәуірде өтеді.

Бұл оқиға соңғы жылдары Трамптың өміріне жасалған үшінші қастандық әрекеті.

Айта кетейік, сенбі күні кешке бытыралы мылтықпен қаруланған ер адам Вашингтондағы Hilton қонақүйінің банкет залына басып кірді. Ол жерде Ақ үй тілшілерімен салтанатты кешкі ас өтіп жатқан болатын. Барлық қатысушылар, соның ішінде ең алдымен президент шұғыл түрде эвакуацияланды.

Қаскөй құпия қызмет агентін жаралады. Содан кейін ол ұсталды.

New York Post газетінің мәліметінше, шабуылды Калифорния штатынан келген 31 жастағы мұғалім Коул Томас Аллен жасаған.

NBS телеарнасының хабарлауынша, оның бұрын соттылығы болмаған және қаруды заңды түрде сатып алған.

Қытай Трампқа жасалған қастандыққа қатысты пікір білдірді

Бейжің Вашингтонда АҚШ президенті Дональд Трампқа жасалған қастандыққа қатысты алғашқы ресми мәлімдемесін жасады.

Реакцияны Қытай Сыртқы істер министрлігінің ресми өкілі Линь Цзянь жеткізді.

Қытай бұл атыс оқиғасын мұқият қадағалап отыр. Біз кез келген заңсыз зорлық-зомбылық әрекеттеріне қарсымыз және оларды айыптаймыз, - деді Линь Цзянь баспасөз мәслихатында.

Телеарнаның хабарлауынша, Трамп соңғы сегіз жылдағы алғашқы сапары аясында Қытай басшысы Си Цзиньпинмен кездесу үшін 14-15 мамырда Бейжіңге баруды жоспарлап отыр.

Мәскеуде қалың қардан көлік қозғалысы тоқтап, жарық сөнді

Мәскеуді бақылау тарихында болмаған алапат қалың қар басып қалды.

Мегаполис жолдарында қалыңдығы 12 сантиметрге жететін қар жабыны қалыптасты. Мәскеуде бақылау тарихында 27 сәуір күні мұндай мөлшердегі қар бірде-бір рет тіркелмеген.

Жылдың бұл мезгілінде мұндайды көрмеген едік. Қандай әсердемін? Керемет! Бірақ суық, - дейді Қызыл алаңдағы жас келіншек.

Синоптиктер қыстың қысқа мерзімге қайта оралуын Балтық циклынының әсерімен түсіндіреді. Мәскеуде ауа райының қауіптілігінің «қызғылт сары» деңгейі жарияланды, билік боранның одан әрі күшеюін, көктайғақтың пайда болуын және құрғақ найзағайдың соғуын күтуде.

Көлік қозғалысы тоқтап қалды, кей жерлерде жабысқан қардың ауырлығынан ағаштар құлап, Мәскеу облысының бір бөлігі электр жарығынсыз қалды.

Қаланың өзінде көптеген саябақ жабылып, электрлі самокаттар мен велосипедтерді жалға беру уақытша тоқтады.

 

Наверх