BAQ.KZ тілшісі әлемде соңғы тәулікте болған оқиғаларға шолу жасап, жария болған жаңалықтар топтамасын ұсынады.
![Әлемде: Трамп Путинмен сөйлесті, Илон Маск "Азаттық радиосын" жабуды ұсынды](/userfiles/images/%D0%A1%D0%BD%D0%B8%D0%BC%D0%BE%D0%BA%20%D1%8D%D0%BA%D1%80%D0%B0%D0%BD%D0%B0%202025-02-10%20101334.png)
Трамп пен Путин Украинадағы соғысты талқылады
АҚШ президенті Дональд Трамп Ресей президенті Владимир Путинмен телефон арқылы Украинадағы соғысты аяқтау мәселесін талқылады. Бұл туралы New York Post хабарлады. Трамп бұл мәлімдемесін Air Force One бортында журналистермен әңгімелесу барысында жасаған.
Алайда Ақ үй басшысы Путинмен қанша рет сөйлескені туралы сұраққа жауап беруден бас тартып: "Мұны айтпаған дұрыс", – деп қысқа қайырды.
Ресей президентінің баспасөз хатшысы Дмитрий Песков бұл телефон әңгімесінің болғанын не растамады, не жоққа шығармады.
Вашингтондағы жаңа әкімшіліктің жұмысына байланысты түрлі байланыстар болып жатыр, олар әртүрлі арналар арқылы жүргізіледі. Сондықтан мен барлық байланыстардан хабардар болмауым мүмкін. Сондықтан бұл ақпаратты растай да, жоққа да шығара алмаймын, – деп мәлімдеді ол "Интерфаксқа".
Трамп New York Post тілшісімен сұхбатында Путиннің майданда қаза болып жатқан адамдарға бей-жай қарамайтынын айтты:
Ол адамдардың өлуін тоқтатқанын қалайды. Барлығы қырылып жатыр. Жас, жап-жас керемет адамдар. Олар да сіздің балаларыңыз секілді, 2 миллион адам және бәрі мағынасыз, – деді Трамп.
Оның айтуынша, егер 2022 жылы АҚШ президенті Трамп болғанда Украинаға жағдай ешқашан болмас еді.
![Әлемде: Трамп Путинмен сөйлесті, Илон Маск "Азаттық радиосын" жабуды ұсынды](/userfiles/images/%D0%A1%D0%BD%D0%B8%D0%BC%D0%BE%D0%BA%20%D1%8D%D0%BA%D1%80%D0%B0%D0%BD%D0%B0%202025-02-10%20102047.png)
Маск "Азаттық радиосы" мен "Америка дауысы" медиакорпорацияларын жабуды ұсынды
АҚШ үкіметінің тиімділік департаментінің (DOGE) басшысы Илон Маск "Азаттық радиосы" мен "Америка дауысы" медиакорпорацияларын жабуға шақырды. Бұл туралы ол өзінің X әлеуметтік желісінде жазды.
Олар тек бір-бірімен сөйлесетін радикалды солшылдар. Олар жылына $1 млрд америкалық салық төлеушілердің қаржысын күйдіріп жатыр. Иә, оларды жауып тастаңыздар… Бәрібір оларды ешкім тыңдамайды, – деп мәлімдеді Маск.
AP агенттігінің хабарлауынша, 20 қаңтардағы президенттік инаугурациядан кейін 3 апта ішінде Маск Дональд Трамп құрған DOGE құрылымын басқара отырып, АҚШ федералдық агенттіктерінің жұмысына белсенді араласқан. Алайда ол өзінің қызметіне қоғамдық бақылау орнатуға жол бермей отыр.
Маск журналистердің сұрақтарына жауап бермейді және АҚШ Конгресі тыңдауларына қатысқан жоқ. Оны DOGE басшысы қызметіне Трамп тікелей тағайындаған, сондықтан ол америкалық заң шығарушылардың ұзақ бекіту процесінен өтпеген.
![Әлемде: Трамп Путинмен сөйлесті, Илон Маск "Азаттық радиосын" жабуды ұсынды](/userfiles/images/%D0%A1%D0%BD%D0%B8%D0%BC%D0%BE%D0%BA%20%D1%8D%D0%BA%D1%80%D0%B0%D0%BD%D0%B0%202025-02-10%20103628.png)
Балтық елдері Еуропаның энергия желісіне қосылды
Латвия, Литва және Эстония Еуропалық Одақ энергетикалық жүйесіне сәтті қосылып, Ресей мен Беларусьпен ортақ энергожүйеден шықты. Бұл туралы Литва президенті Гитанас Науседа Вильнюсте мәлімдеді.
Бірнеше минут бұрын мен керемет жаңалық естідім. Балтық елдерінің электр жүйесінің Еуропаның континенттік жүйесімен бірігуі сәтті аяқталды. Бұл – тарихи сәт, ұзақ жолдың аяқталғанын білдіреді... Біз толық энергетикалық тәуелсіздікке қол жеткіздік. Саяси қысым мен бопсалау кезеңі ақыры аяқталды, – деді Науседа.
Баспасөз мәслихатында сондай-ақ Эстония президенті Алар Карис, Латвия президенті Эдгарс Ринкевичс, Еурокомиссия төрағасы Урсула фон дер Ляйен және Польша президенті Анджей Дуда қатысты.
Энергия транзитін дайындауға шамамен 1,6 млрд еуро (1,7 млрд доллар) жұмсалды, оның басым бөлігі ЕО қаражатынан бөлінді.
Айта кетейік, Балтық елдері КСРО кезінен бастап және 2025 жылғы 8 ақпанға дейін Беларусь, Ресей, Эстония, Латвия және Литва ортақ электр жүйесі – БРЭЛЛ құрамында болған. Еуропамен жүйесіне кірігу Польша арқылы жүзеге асырылды.
![Әлемде: Трамп Путинмен сөйлесті, Илон Маск "Азаттық радиосын" жабуды ұсынды](/userfiles/images/%D0%A1%D0%BD%D0%B8%D0%BC%D0%BE%D0%BA%20%D1%8D%D0%BA%D1%80%D0%B0%D0%BD%D0%B0%202025-02-10%20104002.png)
Израиль әскері Газа секторындағы дәлізден кетті
Израиль Қорғаныс армиясының (ЦАХАЛ) сарбаздары Газа секторын солтүстік пен оңтүстікке бөлетін 6 шақырымдық Нецарим дәлізінен кетті. Бұл туралы AP агенттігі Израиль билігі мен палестиналық радикалды ХАМАС қозғалысының өкілдеріне сілтеме жасап хабарлады.
Шегініс Израиль мен ХАМАС арасындағы атысты тоқтату туралы келісім аясында жүзеге асырылды. Өткен айда бітім басталғаннан кейін Израиль палестиналықтарға өз үйлеріне оралу үшін дәлізден өтуге рұқсат бере бастады. Бұған дейін ЦАХАЛ Нецаримді әскери аймақ ретінде пайдаланған.
Сонымен қатар Израиль келісімнің екінші кезеңі бойынша айтарлықтай ілгерілеуге қол жеткізбеген. Бұл бітімді ұзарту және ХАМАС ұстап отырған израильдік тұтқындарды көбірек босату туралы келіссөздерге қатысты.
Израиль премьер-министрі Биньямин Нетаньяху келіссөздер жүргізу үшін делегацияны Катар еліне жіберді, бірақ құрамына тек төменгі дәрежелі шенеуніктер кірді. Бұл шешім бітімді ұзарту туралы келісімге қол жеткізілмеуі мүмкін деген болжамдарға себеп болды. Алдағы аптада Нетаньяху министрлер кабинетіндегі негізгі мүшелермен келісімнің екінші кезеңін талқыламақ.
Израиль мен ХАМАС арасындағы 6 апталық бітім, 15 айдан астам уақытқа созылған соғысты тоқтатуға бағытталған. Ол 19 қаңтарда күшіне енген еді.
Келісімнің бірінші кезеңінде 33 тұтқынға айырбастау ретінде 1904 палестиналық тұтқынды босату қарастырылған. ХАМАС 33 тұтқынның 8-і қаза тапқанын мәлімдеп, олардың есімдерін нақтыламады.