BAQ.KZ тілшісі соңғы тәулік ішінде болған маңызды халықаралық жаңалықтар топтамасын ұсынады. Бұл шолуда әлемдегі жалпы жағдайды көрсететін оқиғалар қамтылды.
Трамп Путинмен өтетін кездесуді сәтті деп бағалады
АҚШ президенті Дональд Трамп Ресей басшысы Владимир Путинмен Аляскада өтетін кездесудің табысты өту мүмкіндігін 75% деп бағалады. Бұл туралы ол Fox News Radio-ға берген сұхбатында айтты. Трамптың айтуынша, кездесудің сәтсіздікке ұшырау ықтималдығы 25% құрайды.

Бұл кездесу шахмат ойынына ұқсайды. Ол екінші рет кездесуге дайындық ретінде қызмет етеді, бірақ сәтсіздікке ұшырауының мүмкіндігі бар, – деді АҚШ президенті.
Трамп сонымен қатар келіссөздер нәтижелі болса, Владимир Зеленскийдің қатысуымен үшжақты кездесу ұйымдастырылуы мүмкін екенін атап өтті. Үшжақты кездесуге бірнеше орын қарастырылып жатыр, олардың ішінде Аляска да бар.
Естеріңізге сала кетейік, бұған дейін Трамп 15 тамызда Путинмен кездесу өткізуді жоспарлап отырғанын мәлімдеген еді.
Израиль армиясы Газаны толық басып алу жоспарын бекітті

Израиль Қарулы күштері Бас штабының бастығы Эяль Замир Газа қаласын толық басып алу операциясының «негізгі шеңберін» мақұлдағанын хабарлады, деп жазады Anadolu.
Бұл ақпарат Израиль армиясының ресми мәлімдемесінде жарияланды.
13 тамыз күні таңертең Бас штаб бастығы Эяль Замир ішкі қауіпсіздік қызметі Шин-Бет өкілдерімен кездесіп, Газаға жоспарланған оккупациялық операцияның егжей-тегжейін талқылаған. Сол кездесуде операция жоспары ресми түрде бекітілгені айтылды.
Кездесу барысында Израиль армиясының қазіргі жүргізіліп жатқан әрекеттері мен Газаның оңтүстік-шығысындағы Зейтун ауданындағы шабуылдар да қарастырылды.
Газа секторындағы келесі кезеңдердің негізгі тұжырымдамасы саяси басшылықтың нұсқауларына сәйкес ұсынылып, мақұлданды, - делінген хабарламада.
Бұқаралық ақпарат құралдарының хабарлауынша, 7 тамызда Израильдің Қауіпсіздік министрлер кабинетінің отырысында Бас штаб бастығы Эяль Замир Газа секторын оккупациялау жоспарына қарсы пікір білдіріп, кейбір министрлермен қызу таласқа түскен.
AZAL ұшағының апаты

Әзербайжан Қазақстанда болған AZAL әуе компаниясының апатын қасақана шабуыл деп санамайды. Бұл туралы президент Ильхам Әлиев Fox News телеарнасына берген сұхбатында мәлімдеді.
Әзербайжан бұл оқиғаны қасақана жасалған шабуыл ретінде қарастырмайды. Біз тек апат фактісін мойындауды, кінәлілердің жауапқа тартылуын және толық өтемақы төленуін талап етеміз, - деді ол.
AZAL әуе компаниясының жолаушылар ұшағы 2024 жылғы 25 желтоқсан күні таңертең Ақтауда апатқа ұшырады. Лайнер Бакуден Грозныйға бағыт алғанымен, апатқа дейін экипаж Қазақстанның Ақтау әуежайына шұғыл қонуға рұқсат сұраған.
Ұшақта 62 жолаушы мен 5 экипаж мүшесі болған, нәтижесінде 27 жолаушы мен 2 экипаж мүшесі аман қалды.
2025 жылғы 7 тамызда апаттан қалған модульдік авионика блогы АҚШ-тағы Honeywell International компаниясына техникалық сараптамаға жіберілді. Мамандар гидравликалық жүйенің бөлшектерін қалпына келтіріп, апаттың нақты техникалық себептерін анықтауға кірісті.
Тайваньдағы табиғи апат

Тайваньдағы табиғи апат: жарақат алғандар саны 100-ден асты. Оңтүстіктегі Тайваньға соққан жойқын “Подул” тайфуны салдарынан жүзден астам адам жарақат алды, бір адам із-түссіз жоғалып кеткені хабарланды, деп жазды BAQ.KZ Taiwan News-ке сілтеме жасап. Цзяй уезінде балық аулау кезінде дауылдан пайда болған күшті толқын Лин есімді ер адамды Тайвань бұғазына апарған. Құтқарушылар оны іздеу жұмыстарын әлі де жалғастырып жатыр.
Бұған дейін тайфун оңтүстік-шығыс жағалауға соққанда сағатына 191 км (53 м/с) жылдамдықпен қатты жел соқты. Жергілікті билік апатқа ұшырау қаупі бар аймақтан 5,5 мыңнан астам тұрғынды алдын ала эвакуациялады.
Метеорологтар “Подул” тайфунын Тайвань тарихындағы ең күшті дауылдардың бірі деп бағалауда. Қазіргі уақытта билік зардап шеккен аймақтарда электр желілерін қалпына келтіріп, тұрғындарға гуманитарлық көмек көрсетіп жатыр.