Қазақстанның соңғы жаңалықтары

Әлемде: Трамп пен Зеленский келіссөзі, Болсонарудың босатылуы, Қытайдағы авиациялық серпіліс

Бөлісу:
 BAQ.KZ коллажы
Фото: BAQ.KZ коллажы

BAQ.KZ тілшісі соңғы тәулік ішінде болған маңызды халықаралық жаңалықтар топтамасын ұсынады. Бұл шолуда әлемдегі жалпы жағдайды көрсететін оқиғалар қамтылды.

Трамп пен Зеленскийдің келіссөздері жалғасуда

АҚШ президенті Дональд Трамп пен Украина президенті Владимир Зеленскийдің келіссөздері жалғасуда. Трамптың айтуынша, қақтығыс бірнеше апта ішінде аяқталуы мүмкін. Бірақ мұндай нәтиже болмауы да ықтимал.

Әлемде: Трамп пен Зеленский келіссөзі, Болсонарудың босатылуы, Қытайдағы авиациялық серпіліс
The White House

Келіссөздердегі ең күрделі мәселе – жер дауы, әсіресе Донбасс аймағы. Зеленский Украинаның Донбасқа қатысты ұстанымы Ресейден түбегейлі өзгеше екенін атап өтті. Сонымен қатар, Донбасста еркін сауда аймағын құру мәселесі әлі толық шешілмеген.

Зеленскийдің мәлімдеуінше, 20 тармақтан тұратын бейбітшілік жоспарының 90% келісілген, ал АҚШ пен Украина арасындағы қауіпсіздік кепілдіктері толық мақұлданған. Қауіпсіздік кепілдіктері тұрақты бейбітшілікке жетудің негізгі шарты ретінде қарастырылып отыр. Еуропалық және украиналық топтар бұл мәселені алдағы апталарда пысықтамақ.

Бразилияның бұрынғы президенті уақытша қамаудан босатылды

Әлемде: Трамп пен Зеленский келіссөзі, Болсонарудың босатылуы, Қытайдағы авиациялық серпіліс
Bild

Бразилияның бұрынғы президенті Жаир Болсонару денсаулығына байланысты уақытша қамаудан босатылды. Саясаткер бірнеше айдан бері мазалап жүрген созылмалы ықылыққа байланысты ауруханаға жатқызылған. 

Бұған дейін, бірнеше күн бұрын экс-президент Бразилияда жекеменшік клиникада шап жарығын алып тастау операциясын жасатқан. Жұбайының айтуынша, хирургиялық араласу асқынусыз өткен.

Болсонарудың денсаулығына қатысты мәселелер бірнеше жылдан бері жалғасып келеді және олардың бір бөлігі 2018 жылғы сайлауалды науқан кезінде алған пышақ жарақатының салдарымен байланысты. Сол шабуылдан кейін ол бірнеше рет түрлі операция жасатқан.

Емдеу аяқталған соң Болсонару қайтадан қамауға алынады. Бұған дейін сот оны мемлекеттік төңкеріс жасауға әрекеттену ісі бойынша 27 жылдан астам мерзімге бас бостандығынан айырған болатын.

Қытайда 6 тонналық конвертоплан әуеге көтерілді

Әлемде: Трамп пен Зеленский келіссөзі, Болсонарудың босатылуы, Қытайдағы авиациялық серпіліс
Синьхуа

Қытайда әлемде алғаш рет салмағы 6 тонна болатын конвертоплан әуеге ұшып шықты. Lanying R6000 аппараты Сычуань провинциясында сәтті түрде әуеге көтерілді.

Конвертопланды China’s United Aircraft компаниясы әзірлеген. Оның жүк көтергіштігі 2 тоннаны құрайды. Крейсерлік жылдамдығы – 550 км/сағ, ал ұшу қашықтығы 4000 шақырымға дейін жетеді. Бұл көрсеткіштер өз класындағы тікұшақтардан бірнеше есе жоғары. Аппарат 7620 метр биіктікке дейін көтеріле алады.

Қытайлық басылымдардың мәліметінше, Lanying R6000 жүк тасымалдауға және қолжетімі қиын аймақтарда, соның ішінде таулы өңірлер мен теңіз акваторияларында қатынауға арналған. Сондай-ақ оны жедел медициналық көмек көрсетуге, құтқару операцияларына, өрт сөндіруге және патрульдеуге пайдалану жоспарланып отыр.

Сицилияда Этна жанартауының белсенділігін артты

Әлемде: Трамп пен Зеленский келіссөзі, Болсонарудың босатылуы, Қытайдағы авиациялық серпіліс
pixabay

Сицилияда Этна жанартауының белсенділігі артып, одан шыққан күл курорттық аймақтарға дейін жетуде. 

Италияның Ұлттық геофизика және вулканология институтының (INGV) мәліметінше, жанартау ондаған метр биіктікке күл мен лава фонтандарын атқылап жатыр.

Күлдің түсуі Таормина жағалаудағы қалада, сондай-ақ Пьяно-Провенцано тау шаңғысы курортында тіркелген. Мамандардың дерегіне сәйкес, ұзындығы шамамен екі шақырымға жуық лава ағыны жанартаудың шығыс беткейімен төмен қарай ағып жатыр. Этнаның белсенділігіне қарамастан, туристер мен шаңғышылар атқылауды қауіпсіз қашықтықтан, гидтердің сүйемелдеуімен тамашалауын жалғастырған.

Дегенмен қауіптілік деңгейі жасылдан сарыға көтеріліп, билік таулы аймақтарда сақ болуға шақырды. Биіктігі шамамен 3350 метр болатын Этна – Еуропадағы ең ірі белсенді жанартау. Ол Италияның басты туристік нысандарының бірі және ол жылына бірнеше рет атқылайды.

Өзгелердің жаңалығы