Қазақстанның соңғы жаңалықтары

Әлемде: Сиднейдегі теракт, Украина келіссөздері және Венесуэладағы жағдай

Бөлісу:

BAQ.KZ тілшісі бір тәулік ішінде болған маңызды халықаралық жаңалықтар топтамасын ұсынады. Бұл шолуда әлемдегі жалпы жағдайды көрсететін оқиғалар қамтылады. 

Сиднейдегі жағажайда болған атыстан қаза тапқандар саны артты

Жаңа Оңтүстік Уэльс полициясы Сиднейдегі Бонди жағажайында болған атыс салдарынан 15 адам, оның ішінде бір баланың қаза тапқанын мәлім етті. Қаза тапқандардың жасы 10-нан 87 жасқа дейін.

Шабуыл Ханукка мерекесіне орай ұйымдастырылған іс-шара кезінде жасалған. Полиция бұл оқиғаны террористік акт ретінде қарастырып отыр.

Құқық қорғау органдарының мәліметінше, шабуыл жасаған екі адам – әкесі мен баласы. 50 жастағы ер адам оқиға орнында көз жұмған, ал 24 жастағы ер адам ауыр хәлде ауруханаға жеткізілген.

Австралия премьер-министрі Энтони Албанезе бұл шабуылды еврей қауымына қарсы әдейі бағытталған «таза зұлымдық әрекеті» деп атады.

Ал АҚШ президенті Дональд Трамп оқиғаны антисемиттік сипаттағы әрекет деп сипаттап, барлық зардап шеккендерге көңіл айтты.

Сонымен қатар, Трамп шабуыл кезінде ерекше ерлік көрсеткен адамға да тоқталды. Оның айтуынша, бұл азамат атқыштардың бірімен күресіп, ауыр жарақат алса да, көптеген адамдардың өмірін сақтап қалды, оған үлкен құрмет көрсетілуі тиіс.

Бұл шабуыл қоғамда қауіпсіздік пен дінаралық татулық мәселесін қайта назарға шығарды. Оқиға Ханукка мерекесіне арналған шара кезінде болғандықтан, антисемиттік әрекет ретінде қарастырылып отыр.

Еске сала кетейік, 14 желтоқсанда қылмыскерлер еврейлердің Ханука мерекесіне арналған іс-шара кезінде Сиднейдегі Бонди жағажайында адамдарға оқ жаудырған болатын.

АҚШ пен Украина арасындағы келіссөздер

Берлинде өткен келіссөздер барысында Америка Құрама Штаттары мен Украина делегациялары бірқатар маңызды бағыттар бойынша елеулі прогреске жетті. Бұл туралы АҚШ президентінің арнайы өкілі Стивен Уиткофф мәлімдеді.

Оның айтуынша, тараптар бейбіт реттеуге арналған 20 тармақтан тұратын жоспарды, экономикалық мәселелерді және өзге де өзекті тақырыптарды егжей-тегжейлі талқылаған. 

Айтарлықтай ілгерілеу бар, делегациялар ертең таңертең келіссөздерді жалғастыру үшін қайта кездеседі, – деп жазды Уиткофф X әлеуметтік желісінде.

14 желтоқсанда Берлин қаласында Германия Федеративтік Республикасының канцлер кеңсесінде Украинадағы қақтығысты реттеуге арналған америкалық және украиндық делегациялардың кездесуі өтті. АҚШ тарапынан келіссөздерге Стивен Уиткоффпен қатар АҚШ президенті Дональд Трамптың күйеу баласы, кәсіпкер Джаред Кушнер қатысты.

Украина делегациясының құрамында президент Владимир Зеленский, Ұлттық қауіпсіздік және қорғаныс кеңесінің хатшысы Рүстем Умеров, сондай-ақ Қарулы күштер Бас штабының бастығы Андрей Гнатов болды. Германия канцлері Фридрих Мерц келіссөздер басталар алдында қысқаша сәлемдесіп, кейін залдан шыққан.

Тараптар 15 желтоқсанда келіссөздерді жалғастырып, Украинадағы жағдайды реттеу жолдарын одан әрі талқылауды жоспарлап отыр.

Венесуэла ұлттық қорғаныс жүйесін жетілдірді

Венесуэла әскери шапқыншылық қаупіне байланысты ұлттық қорғаныс жүйесін күшейтіп, оны жаңғыртты. Бұл туралы Боливар Республикасының президенті Николас Мадуро Америка халықтары үшін Боливар альянсының (ALBA) жоғары деңгейдегі отырысында бейнеконференция форматында сөйлеген сөзінде мәлімдеді.

Мемлекет басшысының айтуынша, ел соңғы уақытта күрделі қауіп-қатерлерге тап болған.

Венесуэла 25 аптаға созылған психологиялық террорды, әскери басып кіру қаупін, қарақшылық шабуылдарды және венесуэлалық мұнай танкерін басып алу әрекеттерін бастан өткерді. Осы кезеңде Латын Америкасы мен Кариб бассейнінде бейбіт қатар өмір сүрудің заңды әрі дипломатиялық тетіктері елеулі түрде бұзылды, - деді Мадуро Venezolana de Televisión телеарнасының эфирінде.

Ол осы жағдайларға байланысты елдің қорғаныс стратегиясы қайта қаралып, ұлттық қорғаныс жүйесінің тұжырымдамасы түзетіліп, жетілдірілгенін атап өтті.

Айта кетейік, Америка халықтары үшін Боливар альянсы (ALBA) 2004 жылы құрылған. Аймақтық бірлестікке Антигуа мен Барбуда, Венесуэла, Гренада, Доминика, Куба, Никарагуа, Сент-Винсент және Гренадиндер, Сент-Китс және Невис, сондай-ақ Сент-Люсия кіреді.

Сонымен қатар, АҚШ билігі Венесуэланы есірткі тасымалына қарсы жеткілікті деңгейде күрес жүргізбеді деп айыптап келеді. Осыған байланысты Америка Құрама Штаттарының Әскери-теңіз күштері Кариб теңізіне атомдық «Gerald R. Ford» авианосецін бастап барған, құрамында 16 мыңнан астам әскери қызметкері бар кемелердің соққы тобын орналастырды. Қыркүйек айынан бері АҚШ әскери күштері аймақта кемінде 20 жылдам жүретін қайықты суға батырған, салдарынан 80-нен астам адам қаза тапқан.

Бұған қоса, АҚШ президенті Дональд Трамп 10 желтоқсанда Венесуэла жағалауында мұнай танкерінің ұсталғанын растады және тәркіленген мұнайдың АҚШ иелігінде қалатынын мәлімдеді. Ал Венесуэланың Сыртқы істер министрлігі бұл әрекетті Кариб теңізіндегі «ашық тонау және халықаралық деңгейдегі қарақшылық» деп бағалады.

Чилидегі президент сайлауының нәтижесі белгілі болды

Чилиде өткен президенттік сайлауда оңшыл республикалық партия өкілі Хосе Антонио Каст жеңіске жетіп, елдің келесі президенті атанды.

Ол 58 пайыздан астам дауыс жинап, солшыл коалиция кандидаты Жанетт Хараны жеңді.

Сайлау науқаны негізінен қауіпсіздік, қылмыс және заңсыз иммиграция мәселелеріне арналды. Каст тәртіпті күшейтуге, заңсыз мигранттарды депортациялауға және мемлекеттік шығындарды қысқартуға уәде берді.

Бұл нәтиже 1990 жылдан бергі Чилидегі ең ірі саяси бетбұрыс ретінде бағаланып отыр. Каст Дональд Трамптың жақтаушысы ретінде танымал және бұрынғы диктатор Августо Пиночетті қолдайтынын жасырмайды.

Президент қызметіне ол келесі жылдың наурыз айында кіріседі.

Үндістан Делидегі ауаның ластануына қарсы шараларды күшейтті

Үндістан билігі ел астанасы Делиде ауа сапасының рекордтық төмен деңгейге түсуіне байланысты ластануды шектеу шараларын күшейтті.

Қоршаған ортаны қорғау министрлігінің ұсынымына сәйкес, сенбі күні кешке Ауаның ластануын бақылау жөніндегі комиссия Делиде және оған іргелес аудандарда ауаның ластануына қарсы іс-қимыл жоспарының төртінші, ең қатаң деңгейін енгізді.

Жексенбі күні Делидегі ауа сапасы «өте нашар» санатына жетті. Ресми көрсеткіштерге сәйкес, бірнеше бақылау станциясында ауа сапасының индексі 450-ден асты. Ал сенбі күні бұл көрсеткіш 430 болған, бұл – қыс маусымындағы ең жоғары деңгей. Салыстыру үшін айта кетсек, ауа сапасының индексі 50-ден төмен болған жағдайда ол «жақсы» деп есептеледі.

Енгізілген шектеулер аясында ескі дизельді жүк көліктерінің қалаға кіруіне тыйым салынды, барлық құрылыс жұмыстары, соның ішінде қоғамдық нысандардағы құрылыс уақытша тоқтатылды. Сондай-ақ мектептерде оқыту гибридті форматқа ауыстырылды.

Шамамен 30 миллион халқы бар бұл өңір қыс мезгілінде жиі қалың түтінге оранады. Бұған суық әрі тығыз ауа қабатының көршілес штаттардағы көлік қозғалысынан, құрылыс алаңдарынан және егін қалдықтарын жағудан шығатын зиянды заттардың таралуына кедергі келтіруі себеп болып отыр. 

Соның салдарынан Делидегі ауа ластануы әлемдегі ең жоғары деңгейлердің біріне жетіп, тұрғындардың денсаулығына, әсіресе тыныс алу жүйесіне айтарлықтай қауіп төндіреді.

Билік тұрғындарды, әсіресе балаларды, сондай-ақ тыныс алу жолдары мен жүрек ауруларынан зардап шегетін адамдарды мүмкіндігінше үйде болуға және далаға шыққан жағдайда қорғаныш бетпердесін пайдалануға шақырды.

Ауаның ластануын бақылау жөніндегі комиссияның мәліметінше, жағдайдың күрт нашарлауына жоғары ылғалдылық пен жел бағытының өзгеруі әсер еткен. Бұл факторлар ластаушы заттардың таралуын тежеп, түтіннің жиналуына қолайлы жағдай қалыптастырған.

Өзгелердің жаңалығы