Әлемде: Пәкістан-Ауғанстан шекарасында шиеленіс, Мексикада тәртіпсіздік, Бразилияда жойқын тасқын

Әлемде соңғы тәулік ішінде болған маңызды халықаралық жаңалықтар топтамасы.

 ©BAQ.KZ коллажы Бүгiн 2026, 10:09
Бүгiн 2026, 10:09
284
Фото: ©BAQ.KZ коллажы

BAQ.KZ тілшісі соңғы тәулік ішінде болған маңызды халықаралық жаңалықтар топтамасын ұсынады. Бұл шолуда әлемдегі жалпы жағдайды көрсететін оқиғалар қамтылды.

Пәкістан мен Ауғанстан шекарасында қақтығыстар болды

Пәкістан мен Ауғанстан шекарасында қарулы қақтығыстар болды. 

Report

Мәлімет бойынша, екі елдің шекарашылары Дюранд сызығына жақын маңдағы Ауғанстанның Нангархар провинциясының Назьян ауданында қақтығысқан.

Xinhua агенттігі ислам әмірлігінің билігіне сілтеме жасап хабарлағандай, шекарадағы жағдай қалыпқа келді. Оқиға салдарынан зардап шеккендер туралы әзірге хабарланған жоқ.

22 ақпанда Пәкістанның Ақпарат және телерадиохабар тарату министрлігі пәкістандық әскерилер «Техрик-и-Талибан Пакистан» содырларының, сондай-ақ ИГИЛ террорлық тобының Ауғанстандағы бөлімшесі — «Вилаят Хорасанның» позицияларына нүктелі соққылар бергенін мәлімдеді.

Ведомство атап өткендей, операция Пәкістандағы соңғы терактілерге, соның ішінде Исламабадтағы мешітте болған жарылысқа жауап ретінде жүргізілді.

Мексикадағы жаппай тәртіпсіздіктер

Reuters

Мексиканың Пуэрто-Вальярта қаласында жексенбі күні болған жаппай тәртіпсіздіктер кезінде түрмеден қашып кеткен 23 тұтқынға іздеу жарияланды.

Оқиға елдегі ең ықпалды қылмыстық топтардың бірі – Джалисконың жаңа буыны (CJNG) ұйымдастырған шабуылдар аясында болды.

Қарулы адамдар түрме қақпасын көлікпен соғып бұзып, тұтқындардың қашуына жағдай жасаған. Тәртіпсіздіктер картель жетекшісі Немесио Осегера Сервантестің («Эль Менчо») қаза табуына байланысты өршіген. Қақтығыстар салдарынан 70-тен астам адам, оның ішінде Ұлттық ұланның 25 қызметкері мерт болды.

Пуэрто-Вальяртада көліктер өртеліп, жолдар жабылды, тұрғындар мен туристерге сыртқа шықпау ескертілді. Бірқатар әуе рейстері тоқтатылып, круиздік кемелер портқа кірмейтінін мәлімдеді.

АҚШ-та қарлы боран салдарынан 2 мыңнан астам әуе рейсі тоқтатылды

freepik

АҚШ-тың солтүстік-шығысында соққан қарлы боран салдарынан кем дегенде 700 рейс кейінге шегеріліп, 2 200-ге жуығы тоқтатылды.

FlightAware сервисінің мәліметі бойынша, күндіз АҚШ-та ел ішінде 2 026 рейс тоқтатылып, 700-і кешіктірілген.

Бұған дейін АҚШ-тың ішкі қауіпсіздік министрі Кристи Ноэм солтүстік-шығыс штаттарға кезекті табиғи апат төніп келе жатқанын ескерткен болатын. Ол Нью-Джерсиден бастап Жаңа Англияның оңтүстік-шығысына дейін боран соғып, қалың қар жаууы және қатты жел тұруы мүмкін екенін атап өтті. Жағалаудағы аудандар ең көп зардап шегеді деп күтілуде.

Қаңтар айында АҚШ-тың басым бөлігінде қалың қар жауып, тұрғындарға елеулі әсер еткен болатын. Қатал қысқа үйренбеген оңтүстік штаттар – Теннесси, Миссисипи және Луизиана ең көп зардап шекті.

Бразилияда жойқын су тасқынынан 20 адам қаза тапты

Report

Бразилияның Минас-Жерайс штатындағы жойқын нөсер мен көшкін салдарынан кем дегенде 20 адам қаза тапты. Ең көп зардап шеккен Хуис-ди-Фора қаласында 15 адам опат болып, 440-тан астам тұрғын баспанасыз қалды.

Қазіргі уақытта үйінділер астында қалғандарды іздеу-құтқару жұмыстары жүріп жатыр, ал зардап шеккендерге қажетті гуманитарлық көмек көрсетілуде.

Бразилия президенті Лула да Силва мен штат губернаторы Ромеу Зема қаза тапқандардың жақындарына көңіл айтып, зардаптарды жоюды басты басымдық деп жариялады.

Қалада үш күндік аза тұту күні белгіленді.

Мамандардың айтуынша, биылғы ақпан айындағы жауын мөлшері нормадан екі есе асып, соңғы бес жылдағы ең қайғылы жағдайға себеп болған.

Осыған ұқсас табиғи апаттар Рио-де-Жанейро мен елдің басқа да штаттарында байқалуда.

Наверх