BAQ.KZ тілшісі бір тәулік ішінде болған маңызды халықаралық жаңалықтар топтамасын ұсынады. Бұл шолуда әлемдегі жалпы жағдайды көрсететін оқиғалар қамтылады.
Трамп Израильдің Дохаға жасаған соққысына қатысты пікір білдірді
АҚШ президенті Дональд Трамп Қатар билігін Дохаға мұндай соққы қайталанбайды деп сендірді.
АҚШ басшысы Израильдің Дохаға жаңа соққы беруін жоққа шығарды. Бұл туралы ол өзінің арнайы өкілі Стив Виткофф арқылы Қатар билігіне хабарлады.
Сонымен қатар, Трамп Израиль премьер-министрі Биньямин Нетаньяхумен телефон арқылы сөйлесті.
Трамп Қатарды Америка Құрама Штаттарының маңызды одақтасы және досы деп санайды және бұл соққының орын алғанына қатты өкінеді, - деді Ақ үйдің баспасөз хатшысы Кэролин Левитт.
9 қыркүйек күні түстен кейін Израиль Дохаға соққы берді. Al Arabiya телеарнасының хабарлауынша, шабуылда Хамас жетекшілерінің бірі Халил әл-Хая мен тағы төрт адам қаза тапқан.
Қазақстан Президенті Израильдің Қатар астанасына жасаған шабуылын айыптады.
Непалда экс-премьердің жұбайы өз үйінде тірідей өртелді
Непалда экс-премьер-министр Джаланат Ханаланың жұбайы Раджьялакшми Читракар өз үйінде тірідей өртеліп қаза тапты. Қанды оқиға елдегі саяси тұрақсыздықпен байланысты болуы мүмкін.
Оқиға бүгін, яғни 9 қыркүйекте Даллу аймағындағы резиденцияда болған. Ақпаратқа сәйкес, наразылық білдірушілер әйелді үйге қамап, кейін от қойған.
Марқұмның туыстарының айтуынша, ол шұғыл түрде Киртипур ауруханасының күйік бөліміне жеткізілгенімен, алған ауыр жарақаттарынан көз жұмды.
Қазір Непал билігі ресми мәлімдеме жасаған жоқ. Шабуылдың себебі де белгісіз күйінде қалып отыр. Жергілікті БАҚ деректеріне қарағанда, бұл қылмыс елде ушығып тұрған саяси тұрақсыздық пен жаппай наразылықтармен байланысты болуы мүмкін.
Еске салсақ, Непал астанасы Катмандуда және елдің басқа да қалаларында өткен жаппай наразылық акциялары тәртіпсіздікке ұласты. Демонстранттар биліктегі сыбайлас жемқорлыққа және әлеуметтік желілерді бұғаттау туралы шешімге қарсы шыққан. Наразылық кезінде 19 адам қаза тапқанын жаздық.
Макрон Францияның жаңа премьер-министрін тағайындады
Франция президенті Эммануэль Макрон елдің жаңа премьер-министрі етіп бұрынғы қорғаныс министрі Себастьян Лекорнюді тағайындады.
Бұл туралы мәліметті Елисей сарайы таратты.
Президент оған ел бюджетін қабылдау және алдағы айларда қабылданатын шешімдерге қажетті келісімдерге қол жеткізу мақсатында Парламентте ұсынылған саяси күштермен кеңесуді тапсырды, - делінген хабарламада.
Осы талқылаулардан кейін жаңа премьер-министр президентке үкімет жобасын ұсынуы керек.
Себастьян Лекорню Макронға сенімі үшін алғыс айтты.
Республика Президенті маған нақты бағыты бар үкімет құру міндетін тапсырды: біздің тәуелсіздігіміз бен күш-қуатымызды қорғау, француз халқына қызмет ету, ел бірлігі үшін саяси және институционалдық тұрақтылық, - деп жазды Лекорну әлеуметтік парақшасында.
8 қыркүйекте Франция Ұлттық жиналысының мүшелері бұл қызметті 2024 жылдың желтоқсанынан бері атқарып келе жатқан премьер-министр Франсуа Байруға сенім білдіруден бас тартты.
2022 жылдан бері Қорғаныс министрі қызметін атқарған 39 жастағы Себастьян Лекорню республика президентінің жақын тобына кіреді.
Үндістан Непалмен шекарасындағы қауіпсіздікті күшейтті
Үндістан елдегі жаппай наразылықтар мен толқуларға байланысты Непалмен шекарасын жоғары деңгейге қойды. Бұл туралы Үндістан полициясы хабарлады.
ANI агенттігінің хабарлауынша, полиция мен әскерилендірілген күштер Дарджилинг ауданының Панитан аймағында (Батыс Бенгалия) патрульдеуде. Шиеленісті жағдай сауданың ішінара тоқтап, жүк көліктерінің кептелісін тудырды.
Осы жерде (шекарада) полиция бекеті орнатылып, қосымша күштер орналастырылды. Біз жоғары дайындықта және жағдайды бақылап отырмыз, - деді Үндістан полициясының өкілі Правин Паркаш.
Непалдағы наразылық акциялары бірқатар әлеуметтік желілер мен мессенджерлерге тыйым салынғаннан кейін басталды. 8 қыркүйекте Катманду мен басқа да қалаларда наразылық шерулері полициямен қақтығысқа ұласты. India Today агенттігінің хабарлауынша, 22 адам қаза тауып, 250-ден астамы жараланған. Билік мерзімсіз коменданттық сағат енгізіп, әскерді әкелді.
Непалдағы жаппай наразылықтар президент резиденциясына шабуыл мен өрт қоюға ұласты. Үкіметтің отставкаға кетуін талап еткен демонстранттар Катмандудағы президент Рам Чандра Пудельдің резиденциясына басып кіріп, ғимаратты өртеп жіберді, олар премьер-министр Шарма Оли мен бұрынғы ішкі істер министрінің үйлеріне де кірді.
Наразылық акциясына мемлекеттік тіркеуден өтпеген әлеуметтік платформаларды, соның ішінде X, Facebook және Instagram-ды пайдалануға тыйым салудың енгізілуі себеп болды. Үкімет блокты алып тастағанымен, шерушілер министрлер кабинетінің отставкаға кетуін талап етті.
Сонымен қатар, кеше Непалда экс-премьер-министр Джаланат Ханаланың жұбайы Раджьялакшми Читракарды наразылық білдіруші топ өз үйінде тірідей өртеп жіберген.