Қазақстанның соңғы жаңалықтары

Әлемде: Израильге қарсы санкция, Ұлыбритания Палестина тәуелсіздігін мойындамақ

18 Қыркүйек 2025, 11:01
420
Бөлісу:

BAQ.KZ тілшісі бір тәулік ішінде болған маңызды халықаралық жаңалықтар топтамасын ұсынады. Бұл шолуда әлемдегі жалпы жағдайды көрсететін оқиғалар қамтылады.

Еурокомиссия Израильге қарсы санкциялар пакетін ұсынды

Еуропалық комиссия Газа секторындағы әскери операциялар мен Батыс жағалаудағы қоныстану саясатына байланысты Израильге қарсы жаңа санкциялар пакетін жариялады.

Ұсыныстарға Израильдің екі министріне – қауіпсіздік министрі Итамар Бен Гвир мен қаржы министрі Безалель Смотричке, сондай-ақ агрессивті қоныстанушыларға және бірнеше ұйымға шектеу шараларын енгізу кіреді. Сонымен қатар, ХАМАС-тың он мүшесіне де санкциялар қарастырылған.

ЕО жоспары Израильмен жасалған Қауымдастық келісімі бойынша артықшылықты сауда тәртібін тоқтатуды көздейді. Бұл жағдайда Израиль Еуропаға тауар жеткізгенде жылына шамамен 227 млн еуро қосымша баж төлейтін болады. 2024 жылы Израиль мен ЕО арасындағы сауда көлемі 42,6 млрд еуроға жеткен еді.

Еурокомиссия төрағасы Урсула фон дер Лейеннің айтуынша, мақсат – Израильді жазалау емес, Газа халқының ауыр жағдайын жеңілдету. Ол атысты дереу тоқтатып, гуманитарлық көмекті кедергісіз жеткізу қажеттігін атап өтті.

Алайда Израиль үкіметі ұсынысты айыптап, саясатын өзгертпейтінін мәлімдеді. Израильдің Сыртқы істер министрі Гидеон Саар Брюссельді «ХАМАС-қа мүмкіндік берді» деп сынға алды.

Санкциялар пакеті ЕО-ға мүше елдердің білікті көпшілік дауысы арқылы ғана қабылданады. Бірақ Германия мен Италия секілді ірі мемлекеттер бұл бастамаға қарсы болғандықтан, шешімнің қабылдануы күмәнді.

Біз Израильге қысым көрсету арқылы Газа тұрғындарының азабын тоқтатуға тырысамыз. Бірақ шешім мүше елдердің саяси еркіне байланысты, - деді ЕО сыртқы саясат басшысы Кая Каллас.

Ұлыбритания таяу күндері Палестинаны ресми түрде мойындайды

Ұлыбритания Палестинаны тәуелсіз мемлекет ретінде мойындау туралы шешімді алдағы демалыс күндері жариялауы мүмкін. 

Премьер-министр Кир Стармер бұл мәлімдемені АҚШ президенті Дональд Трамптың Лондонға сапары аяқталғаннан кейін жасауға шешім қабылдаған. Себебі ол мәселенің екі ел көшбасшыларының бірлескен баспасөз мәслихатында басты тақырыпқа айналуынан қауіптенген.

Times-тың дерегінше, Трамп Ұлыбританиядан кеткен соң, Стармер Палестинаны тану туралы ресми мәлімдеме жасайды.

Бұған дейін, 31 тамызда Guardian Ұлыбритания қыркүйек айында Палестинаны мойындауға ниетті екенін хабарлаған еді.

Сонымен қатар, 10 тамызда британдық БАҚ елдің Израильге қарсы санкциялар пакетін әзірлеп жатқанын жазған. Әсіресе, Газа секторын басып алу жоспарына байланысты Ұлыбритания Қорғаныс министрлігі Израиль әскерінің елде жаттығуына тыйым салуы мүмкін екенін мәлімдеді.

Қытайдағы әуе шоуына дайындық кезінде ұшатын көліктер соқтығысты

Қытайдың Чанчунь қаласында өтетін әуе шоуына дайындық барысында Xpeng AeroHT компаниясының екі ұшатын көлігі әуеде бір-бірімен соқтығысып қалды. Соқтығыс салдарынан олардың бірі жерге қонған кезде өртеніп кеткен.

Компания мәлімдемесінде оқиға орнында зардап шеккендер жоқ екенін хабарлады. Дегенмен, CNN дерегінше, бір адам жарақат алған болуы мүмкін.

Weibo әлеуметтік желісінде тараған кадрларда өртеніп жатқан көлік пен өрт сөндіру машиналарының келген сәті көрсетілген.

Барлық қызметкерлер қауіпсіз, ал жергілікті билік оқиға орнында шұғыл шараларды аяқтады, – деп мәлімдеді Xpeng AeroHT өкілдері.

Электрлік ұшатын көліктер тігінен ұшып-қонуға қабілетті. Компания оларды шамамен 300 мың доллар бағамен сатуды көздейді. Биылғы қаңтар айында көлікке шамамен 3000 тапсырыс алынған.

Xpeng – әлемдегі ең ірі электрлі көлік өндірушілерінің бірі және жуырда еуропалық нарыққа шықты. Ұшатын көліктерді AeroHT еншілес компаниясы шығарады.

Сарапшылардың айтуынша, мұндай көліктерді жаппай енгізу үшін инфрақұрылым мен реттеу жүйесінде айтарлықтай кедергілер бар. Дегенмен, Қытай электромобильдердегідей бұл салада да көш бастауға ұмтылып отыр.

Трамптың Ұлыбританияға сапары мыңдаған адамның наразылығын тудырды

АҚШ президенті Дональд Трамптың Ұлыбританияға екінші мемлекеттік сапары мыңдаған адамның наразылығын тудырды. Лондондағы Парламент алаңына жиналған шерушілер түрлі ұйымдардың плакаттарын ұстап, «Трампқа жол жоқ», «Нәсілшілдікке жол жоқ», «Израильді қаруландыруды тоқтатыңдар» деген ұрандар айтты.

Stop Trump Coalition қозғалысы ұйымдастырған акцияға 50-ден астам кәсіподақ пен қайырымдылық ұйымдары қатысты. Полиция дерегінше, шеруге шамамен 5 мыңға жуық адам жиналып, қоғамдық тәртіпті сақтау үшін 1600-ден астам полицей жұмылдырылды.

Наразылар арасында экобелсенділер, Палестинаны қолдаушылар және нәсілшілдікке қарсы ұйымдар болды. Кейбіреулер Трамптың алғашқы сапарында танымал болған 20 футтық «Trump baby» әуе шарының шағын көшірмелерін алып шықты.

Белсенділердің айтуынша, бұл шара Трамптың өзін ғана емес, оның саясатын айыптауға бағытталған.

Акцияның басты мақсаты – «трампизмге балама құндылықтарды» дәріптеу, яғни бейбітшілікке, әлеуметтік әділеттілікке және халықаралық ынтымақтастыққа негізделген саяси бағыт ұсыну болды.

Дегенмен, Трампты қолдаушылар да бой көрсетті. Кейбірі оны «ең ұлы Президент» деп атады. Бірақ көпшілік ысқырып, мазақтап жауап берді.

Өзгелердің жаңалығы