Әлемде: Иранмен келіссөз, Ливиядағы мұнай қоры және Ливандағы қаралы күн

Әлемде соңғы тәулік ішінде болған маңызды халықаралық жаңалықтар топтамасы.

 ©BAQ.KZ коллажы Бүгiн 2026, 10:23
Бүгiн 2026, 10:23
163
Фото: ©BAQ.KZ коллажы

BAQ.KZ cоңғы тәулік ішінде болған маңызды халықаралық жаңалықтар топтамасын ұсынады. Бұл шолуда әлемдегі жалпы жағдайды көрсететін оқиғалар қамтылды.

Иранмен келіссөз Исламабадта өтеді

Ақ үйдің баспасөз қызметінің хабарлауынша, Иранмен келіссөздер сенбі күні Исламабадта өтеді. 

АҚШ Президенті Дональд Трамп вице-президент Джей Ди Вэнс бастаған Иран бойынша келіссөздер тобын Пәкістанға жібермек. Келіссөздердің алғашқы кезеңі сенбі, 11 сәуірде өтеді. Бұл туралы Ақ үйдің баспасөз хатшысы Кэролайн Ливитт мәлімдеді.

Соғыс кезінде Иран саяси элитасының бірнеше ардагері қаза табуына байланысты, Иран делегациясын Парламент спикері және Ислам революциясы сақшылар корпусының бұрынғы қолбасшысы Мохаммад Багер Калибаф пен Сыртқы істер министрі Аббас Аракчи бастап келеді деп күтілуде.

Мен Президенттің осы демалыс күндері Исламабадтағы келіссөздерге Америка Құрама Штаттарының вице-президенті Джей Ди Вэнс, арнайы өкіл Уиткофф және Кушнер мырза бастаған келіссөздер тобын жіберетінін мәлімдеймін. Бұл келіссөздердің бірінші кезеңі жергілікті уақыт бойынша сенбі күні таңертең өтеді және біз бұл бетпе-бет кездесулерді асыға күтеміз, - деді Ливитт.

Ол АҚШ Президенті Дональд Трамп Иранмен келіссөздерді «тек Ормуз бұғазы арқылы кемелердің еркін өтуі қамтамасыз етілген жағдайда ғана» жүргізетінін айтты.

Ливияда мұнай мен газдың жаңа қоры табылды

Ливияның Ұлттық мұнай корпорациясы (NOC) елдің оңтүстік-батысындағы Гадамес бассейнінде мұнай мен газдың жаңа кен орны табылғанын хабарлады.

Компанияның мәліметінше, ұңғыма 8 440 фут тереңдікке дейін бұрғыланған. Өндірістің алдын ала болжамы бойынша, Уинат Ванин және Уинат Каза қабаттарынан тәулігіне шамамен 13 млн текше фут газ және 327 баррель конденсат алынады.

Гадамес бассейні Ливия, Алжир және Тунис шекаралас аймағында, Триполиден шамамен 600–620 шақырым жерде орналасқан. Көмірсутектердің қомақты қорының арқасында бұл аймақ Солтүстік Африкадағы ең ірі мұнай-газ аудандарының бірі болып саналады.

Мұнай мен газ экспорты Ливияның негізгі табыс көзі болып қала береді, алайда соңғы жылдары қақтығыстар мен саяси тұрақсыздыққа байланысты өндіріс процесі бірнеше рет тоқтап қалған болатын.

Ливанда аза тұту күні жарияланды

Ливан премьер-министрі Наваф Саламның шешімімен 9 сәуір Израильдің әуе шабуылдары салдарынан қаза тапқандардың құрметіне ұлттық аза тұту күні болып жарияланды.

Ресми мәліметтерге сүйенсек, қарулы қақтығыстың шиеленісуі салдарынан 254 бейбіт тұрғын опат болған. Бұл жағдай елдегі гуманитарлық дағдарыстың шегіне жеткенін көрсетіп отыр.

Премьер-министрдің арнайы өкіміне сәйкес, бүкіл ел аумағындағы мемлекеттік мекемелерде, муниципалитеттер мен қоғамдық ұйымдарда Ливанның мемлекеттік тулары төмен түсірілді. Сондай-ақ, қаралы күнге байланысты барлық мемлекеттік органдар мен білім беру орындары жұмысын уақытша тоқтатты. Ақпараттық кеңістікте де шектеулер енгізіліп, радио және телеарналардың хабар тарату кестесінен ойын-сауық бағдарламалары алынып тасталды.

Үкімет басшысы Наваф Салам қаза болғандардың отбасылары мен жақындарына терең қайғырып көңіл айтты. Ол өз үндеуінде жараланған азаматтардың тезірек сауығып кетуін тілей отырып, мемлекет тарапынан қажетті көмек көрсетілетінін жеткізді.

Сонымен қатар, Ливан билігі ішкі тұрақтылықты сақтаумен қатар, халықаралық дипломатиялық фронтта да белсенді жұмыс істеп жатыр. Наваф Саламның айтуынша, қазіргі уақытта әлемдік державалармен және халықаралық серіктестермен тығыз байланыс орнатылған. Негізгі мақсат - әскери қимылдарды дереу тоқтатуға қол жеткізу және бейбіт халықтың қауіпсіздігін қамтамасыз ететін келісімдерге келу.

Бұл оқиға аймақтағы шиеленістің жаңа кезеңіне айналып, халықаралық қауымдастықтың назарын өзіне аудартып отыр. Ливан үкіметі қақтығысты дипломатиялық жолмен шешуге күш салатынын тағы да растады.

 

Наверх