- Мұқаба
- Жаңалықтар
- Әлемде: Иран көшбасшысы сайланды, Мадрид билігі Трампқа жауап берді, Парсы шығанағында мыңдаған танкер жиналды
Әлемде: Иран көшбасшысы сайланды, Мадрид билігі Трампқа жауап берді, Парсы шығанағында мыңдаған танкер жиналды
Әлемде соңғы тәулік ішінде болған маңызды халықаралық жаңалықтар топтамасы.
Бүгiн 2026, 10:06
BAQ.KZ тілшісі соңғы тәулік ішінде болған маңызды халықаралық жаңалықтар топтамасын ұсынады. Бұл шолуда әлемдегі жалпы жағдайды көрсететін оқиғалар қамтылды.
Иранның жаңа Жоғарғы көшбасшысы сайланды
Иранның Аятоллалар Кеңесі Әли Хаменеидің ұлы Моджтаба Хаменеиді елдің келесі Жоғарғы Көшбасшысы етіп бекітті.

56 жастағы жаңа басшы - Аятолланың екінші ұлы және Ислам революциялық гвардия корпусымен тығыз қарым-қатынаста. Бұл ақпаратты Iran International агенттігі жариялады.
Мәлім болғандай, Ислам революциялық гвардия корпусына жақын Моджтаба Хаменеи басынан бастап осы лауазымға негізгі үміткерлердің бірі ретінде қарастырылған.
Бұған дейін Жоғарғы Көшбасшы Аятолла Әли Хаменеи өлгеннен кейін, ел тізгінін уақытша басқару кеңесі қолға алғаны айтылған еді.
Өтпелі кезеңде Иран президенті Масуд Пезешкиан өзінің негізгі қызметімен қатар Жоғарғы Көшбасшының да міндеттерін атқарып келді.
1 наурыз күні Иран билігі Аятолла Әли Хаменеидің АҚШ пен Израильдің бірлескен әскери шабуылынан қаза тапқанын ресми түрде растады.
Осыған байланысты мемлекетте 40 күндік қаралы кезең жарияланып, келер апта жұмыс істемейтін уақыт болып белгіленді.
Мадрид Трамптың сауда байланыстарын тоқтату туралы айтқандарына жауап берді

Испания үкіметі АҚШ президенті Дональд Трамптың мәлімдемесіне қарамастан, елдің «сенімді сауда серіктесі» ретінде қала беретінін жеткізді.
Мадрид Трамптың қарым-қатынасты үзу туралы шешіміне байланысты АҚШ-тың Еуроодақпен жасалған «екіжақты келісімдерді құрметтеуі тиіс» екенін қадап айтты.
Испания үкіметінің мәлімдемесінде егер АҚШ әкімшілігі бұл уағдаластықтарды қайта қарауды көздесе, бұл процесс жеке компаниялардың еркіндігін, халықаралық құқықты және ЕО мен АҚШ арасындағы қолданыстағы келісімдерді сақтай отырып жүруі керек екені көрсетілген.
Испания премьер-министрі Педро Санчес аталған мәселені 4 наурыз күні Ла Монклоа сарайында талқылауды жоспарлап отыр.
Мадрид өз кезегінде Испанияның АҚШ үшін әлі де сенімді серіктес екенін алға тартса, Еуроодақ тарапы «Одақ мүдделерін қорғауға әрқашан кепілдік беретінін» тағы бір мәрте растады.
Парсы шығанағында танкерлер жиналып қалды: Мұнай бағасы өсіп жатыр

Парсы шығанағында мыңдаған, ал Ормуз бұғазында жүздеген мұнай танкерлері жиналып қалды. Сарапшылар егер жақын арада бұғаз ашылмаса, мұнай бағасы 100 долларға, ал бензин бағасы галлонына 4 долларға жететінін ескертуде.
Мұнай трейдерлері әлемдегі ең маңызды мұнай дәлізі - Ормуз бұғазы арқылы кемелердің өтуі іс жүзінде тоқтап қалғанына көбірек алаңдаушылық білдіруде.
Clarksons компаниясының есептеуінше, қазіргі уақытта Парсы шығанағы аймағында 3200-ге жуық кеме бар.
Егер Ормуз бұғазы «жақын арада» ашылмаса, сарапшылар мұнай бағасы бір барреліне 100 долларға және одан да жоғары деңгейге жетуі мүмкін екенін мәлімдеді. Олар бағаның мұндай өзгеруі үшін Ормуз бұғазының бірнеше аптаға созылатын «ұзақ мерзімді» блокадасы қажет болатынын ескертті.
Сейсенбі күні АҚШ-та бензин бағасының ең жоғары өсімі тіркеліп, 3,11 долларға жетті. Таяу Шығыстан келетін энергия ресурстарының жеткізіліміндегі үзілістерге байланысты әлемдік қор нарықтары құлдырады.
Сейсенбіде мұнай бағасы шамамен 8 пайызға өсіп, бір барреліне 83 доллардан асты. Бұл 2024 жылдың шілдесінен бергі ең жоғары көрсеткіш. Ал жұмадан бергі өсім 15 пайыздан асып жығылды.
Сонымен қатар, Еуропадағы табиғи газдың көтерме бағасы 40 пайызға көтерілді.
Бүгін өткен баспасөз мәслихатында АҚШ президенті Дональд Трамп мұнай бағасының өсуі ұзаққа бармайтынын, ал әскери іс-қимылдар аяқталғаннан кейін бағалар «тіпті бұрынғыдан да төмен» болатынын мәлімдеді.
Роналдудың жеке ұшағы Сауд Арабиясынан шұғыл ұшып кетті

Роналдудың ұшағы өңірдегі шиеленіске байланысты Сауд Арабиясынан кетіп қалды.
БАҚ өкілдері ұшақ ішінде футболшының өзі, оның жары Джорджина Родригес пен бала-шағасының бар-жоғы әлі анықталмағанын алға тартуда.
The Sun басылымы ұшақтың көкке көтерілу сәтін арнайы рейстерді қадағалау жүйелері нақтылағанын да атап өтті.
Бұл жағдай Сауд Арабиясы астанасындағы дипломатиялық нысандарға ұшқышсыз аппараттар (дрондар) арқылы шабуыл жасалғаны туралы мәліметтер шыққан уақытта болған.
Ең оқылған:
- АҚШ Оман шығанағында 11 ирандық кемені суға батырды
- Алматыда мамандар балаларды оңалту орталығында тәрбиеленушіге қорлық көрсеткен
- НАТО Ирандағы әскери операцияларға қатысты пікірін білдірді
- Трамп АҚШ президенттері арасында әскери белсенділік бойынша рекорд орнатты
- Иран Ормуз бұғазы арқылы өтетін кемелерге ескерту жасады