Қазақстанның соңғы жаңалықтары

Әлемде: Ирактағы өрт, Сириядағы шегініс, Трамп салығы мен Пәкістандағы табиғи апат

18 Шілде 2025, 10:25
751
Бөлісу:
 коллаж BAQ.KZ
Фото: коллаж BAQ.KZ

BAQ.KZ тілшісі соңғы тәулік ішінде болған маңызды халықаралық жаңалықтар топтамасын ұсынады. Бұл шолуда әлемдегі жалпы жағдайды көрсететін оқиғалар қамтылды.

Ирактағы сауда орталығындағы өрт

Иракта "Hypermarket Mall" сауда орталығы өртеніп кетті. Өрт салдарынан 60-тан астам адам қаза тауып, 11 адам жоғалып кеткен.

Қаза тапқандардың көбісі ғимараттағы дәретханаларда тұншығып көз жұмған.

14 адамның денесі күйіп, тануға келмейтін жағдайда жеткен. 

Құтқарушылар 45 адамды аман алып шыққан. Бұл оқиға елде үлкен қайғы мен алаңдаушылық туғызды. 3 күндік аза тұту жарияланды.

Әлемде: Ирактағы өрт, Сириядағы шегініс, Трамп салығы мен Пәкістандағы табиғи апат
instagram/DMNKCwwsMJQ

Сирия Эс-Сувейдадан әскерін шығара бастады

Сирия үкіметі Эс-Сувейда қаласынан әскер күштерін шығарып жатыр. Бұл шешім друздармен атысты тоқтату келісімінің аясында қабылданды. Қалада енді қауіпсіздікті полиция қамтамасыз етеді.

Қақтығыстар өткен аптада друздардың өзін-өзі қорғау жасақтары мен араб тайпалық топтары арасында басталған. Жағдай шиеленіскен соң, үкімет әскері араласқан. Израиль болса, друздарды қорғау үшін Сириядағы бірқатар нысандарға соққы жасаған.

Сирияның уақытша президенті Ахмед аш-Шараа Израиль әрекетін айыптап, друздарды елдің ажырамас бөлігі деп атады.

БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесі Израильдің Сирияға жасаған шабуылдарына қатысты шұғыл жиын өткізді.

Адам құқықтарын бақылау ұйымы мәліметінше, қақтығыстардан 350-ден астам адам қаза тапқан. Ал ресми дерек бұдан әлдеқайда аз санды көрсеткен.

Әлемде: Ирактағы өрт, Сириядағы шегініс, Трамп салығы мен Пәкістандағы табиғи апат
pixabay.com

Трамп 150-ден астам елге жаңа баж салығын енгізбек

АҚШ президенті Дональд Трамп 150-ден астам елге 10–15% көлемінде баж салығы салынатынын мәлімдеді. 

Бұл шешім бұрын жарияланған Бразилия (50%), Вьетнам (19%), Канада (25%) және Еуропалық Одаққа (30%) арналған тарифтер аясында қабылданды.

1 тамызда күшіне енетін жаңа тарифтерге байланысты көптеген елдер АҚШ-пен сауда келісімін жасауға асығуда. Еуропалық Одақ пен АҚШ та келіссөздерді жеделдетуге кірісті.

Әлемде: Ирактағы өрт, Сириядағы шегініс, Трамп салығы мен Пәкістандағы табиғи апат
realdonaldtrump

Пәкістанда нөсер жауын 54 адамның өмірін қиды

Пәкістанда жауған қатты нөсер жауын мен сел салдарынан кемінде 54 адам қаза тауып, 227 адам түрлі жарақат алды.

Қайғылы оқиғалар негізінен Пенджаб провинциясында, соның ішінде Равалпинди мен Лахор қалаларында болды. Ауылдық жерлерде өзендердің арнасынан асуы мен лай көшкіні бірнеше үйдің құлауына себеп болған. Жергілікті билік құтқару жұмыстарына әскерилер мен арнайы техника жұмылдырған.

Арнайы топтар қайық пен тікұшақтардың көмегімен жүздеген тұрғынды қауіпсіз аймақтарға көшірді. Равалпинди әкімшілігі 18 шілдені жұмыссыз күн деп жариялап, тұрғындарға үйден шықпауға кеңес берді.

Әлемде: Ирактағы өрт, Сириядағы шегініс, Трамп салығы мен Пәкістандағы табиғи апат
24.kz
Өзгелердің жаңалығы