BAQ.KZ тілшісі бір тәулік ішінде болған маңызды халықаралық жаңалықтар топтамасын ұсынады. Бұл шолуда әлемдегі жалпы жағдайды көрсететін оқиғалар қамтылады.
Иран Хаменеиді жерлеу рәсімін кейінге қалдырды
Иран билігі марқұм жоғарғы көшбасшы Аятолла Әли Хаменеиді жерлеу рәсімін ел аумағындағы америкалық және израильдік соққылардың жалғасуына байланысты кейінге қалдырды. Қоштасу рәсімі Тегеранда өтуі тиіс болған.
Хаменеи әуе шабуылы кезінде қаза тапқан. Ол 1989 жылдан бері, Рухолла Хомейниден кейін Иранды басқарған.
Иран Конституциясына сәйкес, жаңа жоғарғы көшбасшыны Сарапшылар кеңесі сайлайды. Үміткерлер анықталғаны айтылғанымен, шешім әлі жарияланған жоқ.
Сонымен қатар, Израиль қорғаныс армиясы Иран аумағындағы нысандарға соққылар жалғасып жатқанын мәлімдеді. Иран да жауап ретінде Израильге және аймақтағы АҚШ базаларына зымырандар мен дрондар ұшырған.
Аймақтағы жағдай шиеленіскен күйінде қалып отыр.
Иракта бүкіл ел бойынша электр қуаты өшті
Ирактың Электр энергетикасы министрлігінің мәліметінше, елдің барлық провинцияларында электр қуаты толық өшкен.
Ирак ақпарат агенттігінің мәліметінше, министрлік электр қуатын өшірудің нақты себебін әзірге анықтап жатыр.
Хабарламада электр энергиясының өшуі елдің барлық аймақтарын қамтып, жалпы инфрақұрылымға әсер еткені атап өтілген. Министрлік жағдайды тез арада қалпына келтіру үшін тиісті шараларды қабылдап жатқанын мәлімдеді.
АҚШ 20-дан астам ирандық кемені жойғанын мәлімдеді
АҚШ 20-дан астам ирандық кемені құлатты немесе суға батырды. Бұл туралы АҚШ Қарулы Күштерінің Орталық қолбасшылығы мәлім етті.
Мәлімдеме Пит Хегсет Үнді мұхитында америкалық сүңгуір қайық торпеда арқылы Иранның әскери кемесін суға батырғанын мәлімдегеннен кейін жарияланды.
Ал BBC дерегінше, Шри-Ланка билігі 32 адамның құтқарылғанын растаған. Шенеуніктердің бірі «Iris Dena» кемесінде 80 адамның денесі табылғанын айтқан.
Оқиғаның мән-жайы мен зардап шеккендер саны нақтыланып жатыр.
Израильдің Ливанға соққыларынан қаза тапқандар саны 72-ге жетті
2 наурызда басталған жаңа әскери эскалациядан бері Ливан аумағына жасалған Израиль авиациясының соққылары салдарынан қаза тапқандар саны 72-ге жетті.
Бұған дейін құрбандар саны 52 адам деп хабарланған болатын. Сонымен қатар жараланғандар саны 154-тен 437 адамға дейін артқан. Бұл мәліметті Ливанның Денсаулық сақтау министрлігі X әлеуметтік желісінде жариялады.
Өз кезегінде әлеуметтік істер министрі Ханин ас-Саид соғыс қимылдарына байланысты қоныс аударғандар саны 83 мың адамға жеткенін мәлімдеді.
Өңірдегі жағдай күрделі күйінде қалып отыр.
"Біздің ұстанымымыз өзгерген жоқ": Испания Ақ үйдің мәлімдемесін жоққа шығарды
Хосе Мануэль Альбарес Ақ үйдің Испания АҚШ әскери күштерімен ынтымақтастыққа келіскені туралы мәлімдемесін жоққа шығарды. Оның айтуынша, Мадридтің Таяу Шығыстағы соғысқа қатысты позициясы өзгеріссіз қалған.
Министрдің бұл мәлімдемесі Ақ үйдің баспасөз хатшысы Каролин Ливитт Испанияның америкалық әскерилермен ынтымақтастыққа келіскені жөнінде айтқан сөзінен кейін жасалды. Альбарес оның не туралы айтқанын «білмейтінін» атап өтті.
Бұған дейін АҚШ президенті Дональд Трамп Ирандағы операция аясында Испания аумағындағы америкалық әскери базаларды пайдалануға тыйым салынған жағдайда, Мадридпен сауда қатынастарын тоқтатуы мүмкін екенін мәлімдеген еді.
Альбарес Cadena SER радиосына берген сұхбатында: «Испания үкіметінің Таяу Шығыстағы соғысқа, Иранды бомбалауға және біздің базаларды пайдалануға қатысты ұстанымы өзгерген жоқ», — деді.
Ол сондай-ақ Испанияның «соғысқа қарсы» позициясы анық әрі біржақты болып қала беретінін жеткізді.