- Мұқаба
- Жаңалықтар
- Әлемде: Иран деэскалацияға дайын, Путин мен Трамп сөйлесті
Әлемде: Иран деэскалацияға дайын, Путин мен Трамп сөйлесті
BAQ.KZ тілшісі бір тәулік ішінде болған маңызды халықаралық жаңалықтар топтамасын ұсынады. Бұл шолуда әлемдегі жалпы жағдайды көрсететін оқиғалар қамтылады.
10 Наурыз 2026, 10:33
BAQ.KZ тілшісі бір тәулік ішінде болған маңызды халықаралық жаңалықтар топтамасын ұсынады. Бұл шолуда әлемдегі жалпы жағдайды көрсететін оқиғалар қамтылады.
Иран деэскалацияға дайын: Пезешкиан Ердоғанмен сөйлесті
Иран президенті Масуд Пезешкиан АҚШ пен Израильмен арадағы шиеленісті бәсеңдетуге дайын екенін айтты. Бұл туралы ол Tүркия президенті Режеп Тайип Ердоғанмен телефон арқылы сөйлесу барысында мәлімдеді.
Иран басшысының сөзінше, егер көрші елдердің әуе кеңістігі, құрлық аумағы және аумақтық сулары Иранға қарсы шабуыл жасау үшін пайдаланылмаса, Тегеран өңірдегі жағдайды тұрақтандыруға дайын.
Иран әрқашан өңірдегі шиеленісті азайтуға дайын екенін айтып келеді. Бірақ көрші мемлекеттердің әуе кеңістігі, құрлық аумағы мен аумақтық сулары Иран халқына қарсы шабуыл жасау үшін қолданылмауы тиіс, – деп жазылған президенттің баспасөз қызметі таратқан мәлімдемеде.
Бұған дейін Түркия Қорғаныс министрлігі түрік әуе қорғаныс күштері NATO жүйелерімен бірлесіп, Иран аумағынан Түркия бағытына қарай ұшырылған баллистикалық зымыранды әуеде жойғанын хабарлаған.
Сонымен қатар Пезешкиан АҚШ пен Израиль Тегеран мен өңір мемлекеттері арасындағы қатынасты шиеленістіруге тырысып жатқанын айтты. Оның пікірінше, осы елдерге байланысты кейбір БАҚ Иранды Түркияға жасалған зымыран шабуылдарына негізсіз айыптап отыр. Осыған байланысты Тегеран Анкарамен бірге ықтимал зымыран шабуылдарын тексеретін бірлескен комиссия құруға дайын екенін жеткізді.
Өз кезегінде АҰШ президенті Дональд Трамп CBS News арнасына берген сұхбатында Иранға қарсы соғыс «іс жүзінде аяқталуға жақын» екенін мәлімдеді. Оның айтуынша, АҚШ әскери операциялар жоспарын бірнеше аптаға ерте орындап келеді.
Путин мен Трамп Иран және Украина мәселесін телефон арқылы талқылады
Владимир Путин мен Дональд Трамп телефон арқылы сөйлесті. Бұл туралы Ресей президентінің көмекшісі Юрий Ушаков жазды.
Оның айтуынша, әңгіме америкалық тараптың бастамасымен өткен. Кездесу барысында халықаралық күн тәртібіндегі негізгі мәселелер, атап айтқанда Iran төңірегіндегі жағдай және Украина қақтығысын реттеу жөніндегі келіссөздер талқыланған.
Юрий Ушаковтың мәліметінше, екі ел басшысы Таяу Шығыстағы жағдай туралы пікір алмасты. Путин Иранға қатысты қақтығысты мүмкіндігінше тез арада саяси-дипломатиялық жолмен шешу жөнінде бірқатар ұсыныстар айтқан. Сонымен қатар ол Парсы шығанағы елдерінің басшыларымен жүргізген келіссөздерінің нәтижесінде қалыптасқан бағаларын бөліскен.
Тараптар Украинадағы жағдайды да сөз еткен.
Путин Украинадағы қақтығысты реттеуде АҚШ пен Трамптың делдалдық күш-жігерін оң бағалады, – деді Ушаков.
Оның айтуынша, екі ел президенттерінің әңгімесі іскерлік, ашық және конструктивті сипатта өткен.
Сонымен қатар Reuters агенттігі Дональд Трамп әкімшілігі әлемдік мұнай бағасының күрт өсуіне байланысты Ресей мұнайына салынған санкцияларды одан әрі жеңілдету мүмкіндігін қарастырып жатқанын хабарлады.
Бұған қоса, Трамптың айтуынша, Иранға қарсы соғыс «іс жүзінде аяқталуға жақын». Ол АҚШ әскери операциялары бастапқы жоспарланған мерзімнен әлдеқайда жылдам жүріп жатқанын мәлімдеді.
Америка президентінің сөзінше, Иранға қарсы соғысты аяқтау туралы шешім Биньямин Нетаньяхумен бірлесіп қабылданады.
БАӘ-де әскери тікұшақ апатқа ұшырады
Біріккен Араб Әмірліктерінде тікұшақ апатқа ұшырап, екі әскери қызметші қаза тапты.
Қорғаныс министрлігі бұл туралы 2026 жылғы 9 наурызда хабарлады. X әлеуметтік желісінде жарияланған министрліктің ресми мәлімдемесіне сәйкес, қайғылы оқиға экипаж кезекшілікте болған кезде болған.
Екі әскери қызметші кезекшілікте болған кезде техникалық ақауға байланысты тікұшақ апатында қаза тапты, – деп жазылған хабарламада.
G7 елдері мұнай қорын пайдалануға дайын екенін мәлімдеді
Әлемдік энергетикалық нарықтағы тұрақсыздық аясында G7 елдері қажет болған жағдайда стратегиялық мұнай қорларын пайдалануға дайын екенін айтты. Бұл туралы 9 наурызда Франция бастамасымен өткен видеоконференция қорытындысы бойынша жарияланған бірлескен мәлімдемеде айтылды.
Кездесуге АҚШ, Ұлыбритания, Германия, Франция, Италия, Канада және Жапония елдерінің қаржы министрлері қатысты. Олар энергетикалық нарықтағы тұрақтылықты сақтау үшін бірқатар шара қабылдауға дайын екенін атап өтті.
Атап айтқанда, әлемдік нарықтағы ұсынысты арттыру мақсатында мұнайдың стратегиялық қорларының бір бөлігін босату мүмкіндігі қарастырылуда. Алайда бұл жөнінде нақты шешім әлі қабылданған жоқ.
Кездесуден кейін Францияның қаржы министрі Ролан Лескюр елдер жағдайды мұқият бақылап, қажет болған жағдайда барлық мүмкін құралдарды қолдануға келіскенін айтты.
Жиынға сондай-ақ Халықаралық энергетика агенттігінің басшысы Фатих Бироль қатысып, министрлерге әлемдік мұнай нарығындағы күрделі жағдай туралы баяндады.
ХЭА мәліметінше, агенттікке мүше елдердің стратегиялық мұнай қоры 1,2 миллиард баррельден асады. Бұдан бөлек, шамамен 600 миллион баррель мұнай өнеркәсіптік резервтерде сақталған.
Мұндай қорлар әдетте дағдарыс жағдайында нарықты тұрақтандыру немесе жеткізілімдегі үзілістердің орнын толтыру үшін пайдаланылады. Дегенмен мұндай шаралар өте сирек қолданылады.
Сонымен қатар Еуропалық комиссия Еуроодақ елдерінде мұнай мен газ қоры жеткілікті екенін хабарлады. Ондағы басты мәселе – отын тапшылығы емес, энергия тасымалдаушылар бағасының өсуі.
Бішкектегі мектептердің бірінде оқушы теракт жасауға дайындалған
Бішкек қаласындағы мектептердің бірінде теракт жасауды жоспарлаған кәмелетке толмаған оқушы ұсталды. Бұл туралы Қырғызстан Ұлттық қауіпсіздік мемлекеттік комитеті мәлімдеді.
Ведомство мәліметінше, терроризмге қарсы іс-шаралар барысында құқық қорғау органдары шетелдік әріптестерімен бірлесіп, ел астаансындағы мектептердің бірінде мұғалімдер мен оқушыларға қарулы шабуыл жасау мүмкіндігін зерттеп жүрген оқушының әрекетін анықтап, оның алдын алған.
Аталған факті бойынша Қырғызстан Қылмыстық кодексінің 252-бабы («Терроризм актісін жасау қаупі») бойынша қылмыстық іс қозғалды. Бұл бап бойынша 5 жылдан 10 жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасы қарастырылған.
ҰҚМК соңғы уақытта кәмелетке толмағандар арасында діни радикалдану деректері тіркеліп жатқанын атап өтті. Осыған байланысты ата-аналар мен мұғалімдерге балалармен түсіндіру жұмыстарын жүргізіп, олардың интернеттегі қызығушылықтары мен ақпараттық кеңістіктегі белсенділігін бақылауда ұстау ұсынылды.
Айта кетейік, бұған дейін Қазақстанда Құлсары қаласында 10-сынып оқушысы сыныптастарымен жанжалдан кейін оларға балтамен шабуыл жасаған. Салдарынан екі оқушы жеңіл жарақат алған. Жасөспірім оқиға орнынан қашып кеткенімен, көп ұзамай ұсталып, уақытша ұстау изоляторына қамалған. Кейін сот оған үйқамақ түріндегі бұлтартпау шарасын таңдады.
Ең оқылған:
- "Өте жуас отбасы": Атыраудағы қылмысқа қатысты жаңа деректер шықты
- Мереке күндері жұмыс істегендерге екі есе ақы төленеді
- Мәулен Әшімбаев: Жаңа сын-қатерлерді еңсерудің жасампаз жолы
- Әрбіріміз еліміздің тағдырына әсер ете аламыз – "Жаңа адамдар" Қозғалысының көшбасшысы
- Атырауда 8-сынып оқушысы жараланды