Әлемде: Филиппиннің экс-президенті Халықаралық соттың ордері бойынша ұсталды

Бөлісу:
Әлемде: Филиппиннің экс-президенті Халықаралық соттың ордері бойынша ұсталды
Фото: BAQ.KZ - архив

BAQ.KZ тілшісі әлемде соңғы тәулікте болған оқиғаларға шолу жасап, жария болған жаңалықтар топтамасын назарларыңызға ұсынады.

Филиппиннің экс-президенті Халықаралық соттың ордері бойынша ұсталды

Әлемде: Филиппиннің экс-президенті Халықаралық соттың ордері бойынша ұсталды
Фото: AFP

Филиппиннің бұрынғы президенті Родриго Дутерте Манила әуежайында Халықаралық қылмыстық соттың (ХҚС) ордері бойынша ұсталды, деп хабарлайды жергілікті Manila Bulletin басылымы.

Дутерте Манила әуежайында Гонконгтан келген бойда бірден ұсталған. Бас прокурор оған қамауға алу туралы ордердің берілгені жөнінде хабарлама табыстаған.

Қазіргі уақытта бұрынғы президент құзырлы органдардың қамауында. Ордер Дутертенің есірткіге қарсы кампаниясы кезінде соттан тыс өлім жазалары мен адам құқықтарын бұзу фактілері бойынша ХҚС жүргізіп жатқан тергеу аясында берілді, - делінген Президенттің коммуникация офисінің (PCO) хабарламасында.

Родриго Дутерте Филиппин президенті қызметін 2016-2022 жылдары атқарған. Ол қызметке кіріскен соң, есірткіге қарсы ауқымды әрі қатаң кампания жүргізіп, салдарынан мыңдаған адам қаза тапты. Бұл әрекеттері халықаралық қауымдастық пен адам құқықтарын қорғау ұйымдарының сынына ұшырап, оны адам құқықтарын бұзды деп айыптауға негіз болды.

Трамп командасы Ресейге салынған санкцияларды жеңілдетуі мүмкін

Әлемде: Филиппиннің экс-президенті Халықаралық соттың ордері бойынша ұсталды
Фото: Roberto Schmidt/AFP/Getty Images

Deutsche Welle агенттігінің мәліметінше, АҚШ президенті Дональд Трамптың өкілдері Ресейге Украинадағы соғыс басталғаннан кейін енгізілген санкцияларды жеңілдету жоспарын әзірлеп жатыр, деп жазады Bloomberg бұл мәселеден хабардар дереккөздерге сілтеме жасап.

10 наурызда жарияланған ақпаратқа сәйкес, Трамптың кеңесшілері Ресейге қарсы санкцияларды жұмсарту бойынша ұсыныстар дайындауда. Агенттіктің мәліметінше, бұл өзгерістерге ресейлік мұнайға қойылған баға шектеуін алып тастау да кіруі мүмкін.

Bloomberg сондай-ақ Ресей Сыртқы істер министрі Сергей Лавровтың сол күні жарияланған мәлімдемесін келтіреді. Лавров Трамп әкімшілігінің Украина мәселесі бойынша пікірлерін "үміттендіретін" және "дұрыс бағыттағы қадамдар" деп бағалады. Алайда, оның айтуынша, "қорытынды жасауға әлі ерте, себебі Ресей мен АҚШ арасындағы қордаланған мәселелер мен қайшылықтарды шешуге қатысты жұмыс әлі басталған жоқ".

Бұған дейін, үш күн бұрын Bloomberg дереккөздерге сілтеме жасап, АҚШ әкімшілігінде "мұнай бағасына қойылған шекті алып тастау" мәселесі талқыланып жатқанын хабарлаған. Бұл шектеу батыс елдеріндегі компанияларға Ресейден барреліне 60 доллардан қымбат мұнайды тасымалдауға және сақтандыруға тыйым салады.

Сонымен қатар, 7 наурызда Reuters агенттігі Трамп пен Ресей президенті Владимир Путин арасындағы келіссөздерден кейін тез арада іске асырылуы мүмкін энергетикалық санкцияларды жеңілдету бойынша ұсыныстар әзірленіп жатқанын хабарлады. Reuters дерегінше, АҚШ-тың Ресейге қатысты саясатын кең ауқымда қайта қарау аясында кейбір заңды және жеке тұлғаларға, соның ішінде белгілі олигархтарға салынған санкцияларды жою мүмкіндігі қарастырылуда.

Солтүстік теңізде мұнай танкері мен жүк кемесі соқтығысты

Әлемде: Филиппиннің экс-президенті Халықаралық соттың ордері бойынша ұсталды
Фото: Sky News

Солтүстік теңізде, Шығыс Йоркшир жағалауында мұнай танкері мен жүк кемесі соқтығысқаннан кейін экипаж мүшелерінің бірі әлі күнге дейін жоғалғандар қатарында, деп хабарлады Sky News агенттігі.

Ұлыбритания уақыты бойынша таңғы сағат 9:50 шамасында болған апаттан кейін ондаған адам кемелерден эвакуацияланды, ал жағалау күзеті 36 адамды құтқарды.

Stena Immaculate мұнай танкеріндегі барлық 23 адам табылды, бірақ Solong жүк кемесінің 14 экипаж мүшесінің бірі із-түзсіз жоғалып кеткен.

Жағалау күзеті іздестіру жұмыстарын сағат 21:40 шамасында тоқтатты, дегенмен екі кеме де әлі жанып жатыр.

Әлемде: Филиппиннің экс-президенті Халықаралық соттың ордері бойынша ұсталды
Фото: Sky News

Құтқарылған 36 адамның біреуі ауруханаға жеткізілді.

Sky News хабарлауынша, апат болған жердің айналасында радиусы 5 миль болатын әуе және теңіз қозғалысына тыйым салынған аймақ белгіленді. Қажет болған жағдайда бұл шектеу 10 мильге дейін кеңейтілуі мүмкін.

Оқиға кезінде Stena Immaculate кемесі АҚШ Әскери-теңіз күштерінің қысқа мерзімді жалдауында болып, авиациялық отын тасымалдап бара жатқан.

Ал Solong жүк кемесінде натрий цианиді бар 15 контейнер мен белгісіз мөлшерде алкоголь болғаны хабарланды.

Әлемде: Филиппиннің экс-президенті Халықаралық соттың ордері бойынша ұсталды
Фото: Бартек Смялек/PA

Теңіз қауіпсіздігі саласындағы екі дереккөздің Reuters агенттігіне хабарлауынша, қасақана жасалған әрекет немесе басқа адамдардың қатысу белгілері анықталмаған.

Өзгелердің жаңалығы