Әлемде: Еуропа Украинаға әскер жіберуі мүмкін, АҚШ пен Ресей қандай келіссөздер өткізбек

18 Ақпан 2025, 11:00
782
Бөлісу:
Әлемде: Еуропа Украинаға әскер жіберуі мүмкін, АҚШ пен Ресей қандай келіссөздер өткізбек
PHOTO
Фото: BAQ.KZ - архив

BAQ.KZ тілшісі әлемде соңғы тәулікте болған оқиғаларға шолу жасап, жария болған жаңалықтар топтамасын ұсынады.

Әлемде: Еуропа Украинаға әскер жіберуі мүмкін, АҚШ пен Ресей қандай келіссөздер өткізбек
Фото: Mark Baker/AP Photo/picture alliance

Еуропа Украинаға 30 мыңға дейін әскери жіберуі мүмкін

ЕО елдерінің көшбасшылары мен Лондон Украинаға 30 мыңға дейін әскери жіберу мүмкіндігін талқылады. Олар егер Мәскеу мен Киев арасында тиісті келісімдер жасалса, оқ атуды тоқтату тәртібін қадағалайтын болады. Бұл туралы The Washington Post газеті Парижде өткен Еуропалық қауіпсіздік және Украина бойынша бейресми саммитке қатысқан төрт дереккөзге сілтеме жасай отырып хабарлады.

WP дереккөздерінің айтуынша, 25-30 мыңға жуық еуропалық әскери бірнеше бригадаға бөлініп, Украина аумағында орналастырылуы мүмкін. Бірақ бұл жоспар бітімгерлік күштердің қақтығыс аймағында тікелей орналасуын қарастырмайды. Олар тек "Ресей әскері соғысты қайта жалғастыруға тырысқан жағдайда күш көрсетуге дайын болмақ" деп жазады басылым.

Идея әлі талқылану сатысында. Еуропалық одақтастардың кейбірі "әскери ресурстардың шектеулілігіне немесе басқа да алаңдаушылықтарға байланысты" қиындықтарға тап болып отырғанын атап өткен. Алайда нақты қай елдер туралы сөз болып отырғаны белгісіз.

Сонымен қатар Еуропа елдері АҚШ президенті Дональд Трамп әкімшілігінен Вашингтонның Украинаға қандай әскери қолдау көрсететінін анықтауға тырысуда. Өз кезегінде, АҚШ Киевке еуропалық елдердің қандай көмек ұсынатыны туралы ақпарат алғысы келеді. Бұған дейін Трамп "Еуропа елдері Украина қауіпсіздігін қорғау жауапкершілігін өз мойнына алуы керек, ал Ресей ЕО мен НАТО үшін қауіп төндірмейді" деп мәлімдеген еді.

WP деректері бойынша, Франция бұл жоспарға ең дайын елдердің бірі. Болжамдарға сәйкес, Париж 10 мыңға дейін әскери жіберуі мүмкін. Тіпті, қаңтар айында француз әскері арнайы дайындық жаттығуларын өткізген. Сонымен қатар, Ұлыбритания да бұл бастаманы қолдады.

Алайда Польша мен Германия бұл идеяға ашық түрде қарсы шықты. Бұрыннан мұндай бастамаларды сынап жүрген ГФР канцлері Олаф Шольц саммиттен кейін "бұл тақырыпты талқылау оны аздап ашуландыратынын" мәлімдеді.

Бұл жерде украиналықтардың қатысуынсыз, әлі өткізілмеген бейбіт келіссөздердің ықтимал нәтижелері талқыланып жатыр. Бұл өте орынсыз. Біз әлі бейбітшілікке қол жеткізген жоқпыз, керісінше, Ресей тарапынан шектеусіз жүргізіліп жатқан қатыгез соғыстың ортасында тұрмыз, – деді Шольц.

Әлемде: Еуропа Украинаға әскер жіберуі мүмкін, АҚШ пен Ресей қандай келіссөздер өткізбек
Фото: Lukas Coch/IMAGO

АҚШ: Эр-Риядтағы кездесу – Украина бойынша келіссөздер емес

АҚШ әкімшілігі Сауд Арабиясының астанасы Эр-Риядта ресейлік делегациямен өтетін кездесуді Украина бойынша "келіссөздердің" басталуы емес, Дональд Трамп пен Владимир Путин арасындағы телефон арқылы өткен әңгіменің жалғасы ретінде қарастырады. Бұл туралы АҚШ Мемлекеттік департаментінің баспасөз хатшысы Тэмми Брюс мәлімдеді. 

Бұл кездесуді егжей-тегжейлі келіссөздер немесе прогресс ретінде қарастырмау керек деп ойлаймын, – деп келтіреді оның сөзін AFP агенттігі.

Бұған дейін Ресей делегациясының мүшесі, Ресей президентінің көмекшісі Юрий Ушаков та осындай пікір білдірді. Оның айтуынша, Ресей мен АҚШ делегациялары Сауд Арабиясында Украина бойынша келіссөздерді қалай бастау керектігін талқылайды. 

Қазір негізгі мәселе – Украина бойынша келіссөздерді қалай бастауға болатынын анықтау. Себебі америкалық тарап бізбен келіссөз жүргізетін бас келіссөзшісін әлі тағайындаған жоқ. Нормалды қарым-қатынастарды қалпына келтіру мәселелерін талқылау, Украинадағы ықтимал келіссөздерді бастау және жоғары деңгейдегі кездесулердің келешегін қарастыру – үш негізгі міндет осы, – деп атап өтті Ушаков.

Бүгінгі кездесуге Ушаковпен бірге Ресейдің Сыртқы істер министрі Сергей Лавров қатысады. Сондай-ақ, диалогқа Ресейдің тікелей инвестициялар қорының басшысы Кирилл Дмитриев те қосылуы мүмкін, деп хабарлайды ТАСС агенттігі. 

АҚШ делегациясының құрамына Мемлекеттік хатшы Марко Рубио, президенттің ұлттық қауіпсіздік жөніндегі кеңесшісі Майк Уолтц және Таяу Шығыс жөніндегі арнайы өкіл Стив Уиткофф кіреді.

Украина президенті Владимир Зеленский Эр-Риядтағы АҚШ пен Ресей делегацияларының кездесуіне Украина өкілдері қатыспайтынын растады. Алайда Украина үкіметінің делегациясы Зеленскийдің сапарын дайындау мақсатында Сауд Арабиясына жұмыс сапарымен келген.

Еуропалық елдердің мемлекет және үкімет басшылары Парижде кездесіп, Украина бойынша ортақ ұстаным әзірлеуге тырысты. Германияның Сыртқы істер министрлігі Еуропа осылайша өз әрекеттерін үйлестіріп, Украинадағы қақтығысты шешуге бірыңғай көзқараспен келетінін түсіндірді.

Әлемде: Еуропа Украинаға әскер жіберуі мүмкін, АҚШ пен Ресей қандай келіссөздер өткізбек
Фото: Uncredited/CTV/AP/dpa/picture alliance

Торонтода жолаушылар ұшағы аударылды

Канададағы Торонто қаласында орналасқан Лестер Б. Пирсон атындағы халықаралық әуежайда Delta Air Lines әуекомпаниясына тиесілі жолаушылар ұшағы қону кезінде аударылып қалды. Оқиға салдарынан кемінде 15 адам жарақат алған.

New York Post басылымының хабарлауынша, төтенше жағдай қызметкерлері оқиғаға жедел әрекет еткен. Миннеаполистен келген ұшақ қалың қар басқан ұшу-қону жолағында аударылған. Әлеуметтік желілерде тараған суреттер мен видеолардан әуе кемесінің қатты зақымданғаны байқалады.

Канадалық CP24 телеарнасының мәліметінше, жарақат алғандардың ішінде үш адамның жағдайы ауыр, олардың бірі – бала. Қалған 12 адамның жарақаттары жеңіл деп бағаланған. Барлық зардап шеккендер дереу ауруханаға жеткізілді.

Жарияланған кадрлардан ұшақтың бір қанаты айтарлықтай майысқаны, ал құйрық бөлігінің ішінара зақымданғаны көрінеді. Оқиға қарлы дауыл кезінде орын алған. Демалыс күндері жауған қалың қар салдарынан әуежай қызметкерлері түн бойы ұшу-қону жолағын тазалау жұмыстарын жүргізген.

Әуежай әкімшілігінің хабарлауынша, апаттан кейін әуе айлағындағы барлық рейстер уақытша тоқтатылды.

Әлемде: Еуропа Украинаға әскер жіберуі мүмкін, АҚШ пен Ресей қандай келіссөздер өткізбек
Фото: Stefano Costantino/TTL/Avalon/Photoshot/picture alliance

Рим папасының денсаулығы нашарлай түсті

Рим папасы Францисктің жағдайы 14 ақпанда бронхитпен Рим ауруханасына жатқызылғаннан кейін нашарлады. Сондықтан дәрігерлердің кеңесімен ол сәрсенбіге жоспарланған аудиторияны өткізуге мәжбүр болды, деп хабарлайды Ватиканның баспасөз қызметі.

Рим папасында полимикробтық тыныс жолдарының инфекциясы анықталды, бұл оның емдеу жоспарын өзгерту қажеттігін туғызды. 88 жастағы понтифик ауруханада белгісіз мерзімге қалады. Диагноз жарияланар алдында Ватикан паникаға негіз жоқ деп атап өтті, деп хабарлайды AFP. Папаға жақын дереккөз оның денсаулығы тығыз кесте салдарынан әлсірегенін мәлімдеді.

Понтификтің баспасөз хатшысы Маттео Бруни оның тыныш түн өткізгенін, таңғы ас ішкенін және әдеттегідей газета оқығанын айтты. 

Оның көңіл-күйі жақсы,  - деп хабарлайды AFP.

14 ақпанда Франциск папасы «жеңіл қызба» және бірнеше күн бойы тыныс алуда қиындықтар болған соң ауруханаға жатқызылды. Жас кезінде оның бір бөлігі өкпесі алынып тасталған понтифик бір аптадан астам уақыттан бері тыныс алу проблемаларына шалдыққан.

Соңғы 4 жылда Рим папасы ауруханаға төртінші рет түсті. 2023 жылдың наурызында ол бронхитпен үш түн ауруханада жатты және антибиотиктермен емделді. Денсаулық мәселелеріне қарамастан, Франциск ресми кездесулерге қатыса береді және шетелге ұзақ сапарлар жасайды.

Өткен жылдың қыркүйек айында ол 12 күндік сапар жасап, төрт азиялық елге барды. Ұзақтығы мен қашықтығы бойынша бұл оның тақта отырғанына он екі жыл ішінде жасаған ең ұзақ сапары болған, деп жазады AFP.

Өзгелердің жаңалығы