BAQ.KZ тілшісі соңғы тәулік ішінде болған маңызды халықаралық жаңалықтар топтамасын ұсынады. Бұл шолуда әлемдегі жалпы жағдайды көрсететін оқиғалар қамтылды.
AZAL апатындағы қаралы дата
Әзербайжандық AZAL әуе компаниясының ұшағы Ақтау маңында апатқа ұшырағанына бір жыл болды. Тірі қалған жолаушылар мен қаза тапқандардың туыстары әділ тергеу жүргізіліп, кінәлілердің жауапқа тартылуын талап етуде.

Осыдан тура бір жыл бұрын 2024 жылғы 25 желтоқсанда Бакуден Грозныйға бағыт алған Azerbaijan Airlines әуе компаниясының 8432 рейсі Қазақстанның Ақтау қаласы маңында апатқа ұшыраған болатын. Қайғылы оқиға салдарынан 38 адам қаза тауып, 29 жолаушы жарақат алған.
Алдын ала тергеу деректеріне сәйкес, ұшаққа Ресейдің әуе шабуылына қарсы қорғаныс жүйесінен атылған зениттік зымыранның сынықтары тиген. Мәскеу бастапқыда бұл нұсқаны жоққа шығарғанымен, кейін Ресей президенті Владимир Путин әуе қорғаныс жүйелерінің әрекетке қосылғанын мойындап, өкініш білдірді.
Аман қалғандар менмарқұмдардың жақындары біржылдан бері әділдік орнап, кінәлілер анықталады деген үмітпен күтіп отыр. Олардың айтуынша, бұл апат тек жеке трагедия ғана емес, халықаралық деңгейде ашық әрі әділ бағалануы тиіс оқиға.
Мәскеуде екі полиция қызметкері жарылыстан қаза тапты

Мәскеудің оңтүстігінде сәрсенбіге қараған түні жол-патруль қызметінің екі инспекторы жарылыс салдарынан қаза тапты.
Бұл туралы Ресейдің Тергеу комитеті мәлімдеді. Оқиға Елецкая көшесінде болған. Тергеу мәліметі бойынша, түнде жол-патруль қызметінің қызметкерлері полицияның қызметтік көлігінің жанында күдікті тұлғаны байқап, оны тексеру және ұстау үшін жақындаған. Сол сәтте жарылғыш құрылғы іске қосылған. Салдарынан екі полиция қызметкері мен олардың жанында болған адам қаза тапқан. Жалпы жарылыс салдарынан үш адам мерт болды.
Тергеу комитеті оқиға бойынша тергеу жүргізіліп жатқанын хабарлады.
Таиланд – Камбоджа қақтығысы: атысты тоқтату жөніндегі келіссөздер

Таиланд пен Камбоджаның бас шекара комитеті елдер арасындағы қақтығыс аймағында атысты тоқтату режимін белгілеу мәселесін 27 желтоқсанда өтетін жоғары деңгейдегі отырыста талқылайды. Бұл туралы Таиландтың Сыртқы істер министрлігі Қорғаныс министрлігіне сілтеме жасап мәлімдеді.
24-26 желтоқсан аралығында осы тетік шеңберінде келіссөздер хатшылық деңгейінде өтеді.
Нақты жоғары деңгейдегі отырыс 27 желтоқсанда жоспарланған. Бұл – бас шекара комитетінің барлық отырыстарына тән стандартты формат, – делінген хабарламада.
Бұған дейін Оңтүстік-Шығыс Азия мемлекеттері қауымдастығына (АСЕАН) мүше елдер Таиланд пен Камбоджа арасындағы шекаралық қақтығыс аймағында атысты тоқтату режимін орнату жөніндегі талқылаулардың басталуын құптаған болатын. Ұйымға мүше елдердің сыртқы істер министрлері жанжал тараптарына 28 шілдедегі атысты тоқтату туралы келісімді, 7 тамызда өткен бас шекара комитетінің кезектен тыс отырысының шешімдерін, сондай-ақ 2025 жылғы 26 қазанда қабылданған Куала-Лумпур бірлескен декларациясын толық әрі тиімді орындауға шақырды.
Таиланд пен Камбоджа шекарасында қарулы қақтығыстар 7 желтоқсанда басталған. Таиланд құрлық әскерінің мәліметінше, 8 желтоқсанда Камбоджа әскери күштері шекара маңындағы тай позицияларына артиллериялық соққы жасаған. Бұған жауап ретінде Таиланд әуе күштері Камбоджаның әскери инфрақұрылым нысандарына соққы берген.
АҚШ-та қарттар үйінде болған жарылыстан екі адам қаза тапты

АҚШ-тың солтүстік-шығысындағы Пенсильвания штатында орналасқан қарттар үйінде болған жарылыс салдарынан кемінде екі адам қаза тапты, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі «Синьхуа» агенттігіне сілтеме жасап.
Жергілікті биліктің мәліметінше, ғимараттың ішінде әлі де қалып қойған адамдар бар. Жарылыстан кейін ғимаратта өрт шыққан.
CNN телеарнасының хабарлауынша, жарылыс пен одан кейінгі өрт салдарынан кемінде екі адам көз жұмған. Ал көптеген адам әлі де із-түзсіз жоғалғандар қатарында. Оқиға орнында құтқару жұмыстары жалғасып жатыр.
Пенсильвания штатының губернаторы Джошуа Шапиро әлеуметтік желілерде жағдайды бағалау және жедел қызмет пен полиция өкілдерімен кездесу үшін оқиға орнына барғанын мәлімдеді.
Қарттар үйінің тұрғындары мен қызметкерлері эвакуацияланып, медициналық мекемелерге жеткізілді. Қаза тапқандардың жеке басы әзірге анықталған жоқ. Сондай-ақ билік зардап шеккендердің жалпы санын жарияламады.