Қазақстанның соңғы жаңалықтары

Әлемде: АҚШ–Украина келіссөздері, Камбоджа–Таиланд шиеленісі

Бөлісу:
 BAQ.KZ коллажы
Фото: BAQ.KZ коллажы

BAQ.KZ тілшісі әлемде соңғы тәулікте болған оқиғаларға шолу жасап, жария болған жаңалықтар топтамасын ұсынады.

Еуропалық шенеуніктер АҚШ президенті Дональд Трамптың Украинадағы соғысты тоқтату жөніндегі келіссөздерде ілгерілеудің жоқтығына байланысты шыдамын жоғалтып, бейбіт жоспардан бас тартуы мүмкін деп алаңдаулы. 

Әлемде: АҚШ–Украина келіссөздері, Камбоджа–Таиланд шиеленісі
Rebecca Noble / Getty Images

Бұл туралы CNN аты-жөнін атамаған дереккөздерге сілтеме жасай отырып DW порталы мәлімдеді.

Арна дереккөзінің хабарлауынша, Трамп келіссөздердің тоқырауына Киев пен Еуропалық одақ елдерін кінәлап, бастамадан шығуы ықтимал.

CNN-ге пікір білдірген анонимді жоғары лауазымды АҚШ шенеунігі де бұл қауіптің бар екенін мойындап, ұзаққа созылған соғыс Вашингтон үшін «саяси ауыртпалыққа айналғанын» атап өтті. Сонымен қатар АҚШ-тың НАТО жанындағы тұрақты өкілі Мэттью Уитакер Fox News эфирінде Трамп Мәскеу мен Киев арасында бейбіт келісімге келу мүмкін емес деп шешсе, реттеу әрекеттерінен толықтай бас тартуы мүмкін екенін айтты.

Ал Wall Street Journal дереккөздері бейбіт жоспардың негізгі тармақтарындағы қайшылықтарды жою үшін «апталар немесе айлар» қажет болуы мүмкін екенін атап өтті. Олардың бірі Вашингтон Еуропа мен Украинаның орындауы қиын талаптар қойып отырғанын жеткізді.

Financial Times та алдыңғы күні Трамп Украина президенті Владимир Зеленскийге АҚШ ұсынған бейбіт жоспарды қарастыру үшін Рождествоға дейін уақыт бергенін жазды. Киевтегі дереккөздер де Трамптың жедел жауап күтетінін растағанымен, нақты мерзім белгіленбегенін айтқан.

Украина АҚШ-қа бейбіт жоспар жобасына берген жауабын жолдады

Киев АҚШ-тың Украинадағы дағдарысты реттеу жөніндегі жоспарына өз жауабын Вашингтон әкімшілігіне жолдады, деп хабарлайды Axios порталы.

Әлемде: АҚШ–Украина келіссөздері, Камбоджа–Таиланд шиеленісі
president.gov.ua


Украина сәрсенбі күні АҚШ президенті Дональд Трамп әкімшілігіне АҚШ-тың соңғы бейбіт жоспар жобасына өзінің жауабын ұсынды, – деп жазды Axios порталының журналисі Барак Равид X желісінде.

Ол мұндай ақпаратты өзіне украиналық және америкалық ресми тұлғалар жеткізгенін айтқан.

Өз кезегінде Bloomberg агенттігі Киев билігі АҚШ-тың бейбіт жоспарының қайта өңделген нұсқасын Вашингтонға жолдағанын хабарлайды.

Бұдан бөлек, агенттік еуропалық елдер үш құжат бойынша жұмыс жүргізіп жатқанын атап өтеді: олардың бірі — қақтығысты аяқтау шарттарына қатысты ортақ көзқарасты, екіншісі — Киевтің қауіпсіздік кепілдіктерін, ал үшіншісі — Украинаны қалпына келтіру мәселелерін қамтиды.

Айта кетейік, бұған дейін АҚШ пен Украина соғысты тоқтату туралы кезекті келіссөз өткізгенін жаздық.

Камбоджа – Таиланд шиеленісі: Трамп екі елмен келіссөз жүргізбек

АҚШ президенті Дональд Трамп бүгін, 11 желтоқсанда Камбоджа мен Таиланд арасындағы қақтығысты шешу мақсатында екі ел басшыларымен телефон арқылы келіссөз жүргізетінін мәлімдеді. Бұл туралы ол Ақ үйде журналистерге берген сұхбатында айтты.

Әлемде: АҚШ–Украина келіссөздері, Камбоджа–Таиланд шиеленісі
Bonnie Cash / CNP / AdMedia / Global Look Press

 Америкалық көшбасшының айтуынша, екі ел арасындағы бұл шиеленіс көп жылдар бойы жалғасып келе жатыр, деп жазады ТАСС агенттігі.

Мен бұл жағдайды бұған дейін де бір рет шешкенмін. Қақтығысты тез арада тоқтатуға қабілеттімін деп ойлаймын. Ертең телефон арқылы сөйлесеміз деп жоспарланып отыр… Тайланд пен Камбоджамен. Мен оларды әскери қимылдарын тоқтатуға мәжбүрлей аламын деп сенемін, – деді Трамп.

Айта кетейік, атыс қаруымен қақтығыстар 7 желтоқсанда Таиланд пен Камбоджа шекарасында басталған. Дүйсенбі күні Таиланд корольдік армиясы Камбоджа күштері таңертең шекара аймағындағы тай позицияларына артиллериялық соққы бергенін хабарлады. Бұған жауап ретінде Таиланд әуе күштері Камбоджаның әскери инфрақұрылым нысандарына шабуыл жасаған.

Таиландтың құрлықтағы әскерлері де Камбоджа дүйсенбі және сейсенбі күндері БМ-21 жүйелерінен Таиланд аумағын атқылағанын және камикадзе дрондарын қолданғанын мәлімдеді. Тай әскерилері негізгі аудандарды бақылауға алу және қарсы тарапты тойтару мақсатында жауап оқ атуға мәжбүр болған. Соңғы мәлімет бойынша, қақтығыс барысында Камбоджа тарапынан кемінде жеті, Таиланд тарапынан бес әскери қызметкер қаза тапқан.

Камбоджа Премьер-министрі Хун Манет пен Таиланд Премьер-министрі Анутин Чанвиракун осы жылдың қазан айында АҚШ президентінің қатысуымен өткен АСЕАН-ның 47-ші саммитінде бірлескен декларацияға қол қойған еді. Құжат екі ел арасындағы шекаралық дауды бейбіт жолмен шешудің әрі қарайғы қадамдарын айқындайды. Тараптар «шиеленісті бәсеңдетуге, сенімді және өзара тиімді қарым-қатынасты қалпына келтіруге жәрдемдесуге» міндеттенетіндерін атап өткен болатын.

Өзгелердің жаңалығы