BAQ.KZ тілшісі бір тәулік ішінде болған маңызды халықаралық жаңалықтар топтамасын ұсынады. Бұл шолуда әлемдегі жалпы жағдайды көрсететін оқиғалар қамтылады.
Ақ үй шатдаунға байланысты қысқартылатын ведомстволар тізімін әзірледі
АҚШ-та үкіметтің ішінара жұмысын тоқтатуы (шатдаун) салдарынан қызметкерлерін қысқартатын ведомстволардың тізімі дайындалды. Бұл туралы CNN Ақ үйдегі дереккөздерге сілтеме жасап хабар таратты.
Ақпаратқа сәйкес, әкімшілік-бюджеттік басқарма қысқартуларға ұшырайтын мемлекеттік құрылымдардың тізімін әзірлеген. Құжат алдағы күндері – жұмада, сенбіде немесе жексенбіде жариялануы мүмкін.
Бұған дейін АҚШ президенті Дональд Трамп шатдаун федералды қызметкерлерді жаппай қысқартуға және демократиялық партияның «сүйікті жобаларын» тоқтатуға әкелуі ықтимал екенін ескерткен еді.
Еске салайық, Конгресс жаңа қаржы жылына арналған бюджетті уақытында қабылдай алмағандықтан, 1 қазаннан бастап АҚШ үкіметі ресми түрде жұмысын ішінара тоқтатты.
Манчестердегі синагогаға шабуыл: екі адам қаза тауып, төртеуі жараланды
Ұлыбританияның Манчестер қаласында синагогаға жасалған шабуыл салдарынан екі адам қаза тауып, төртеуі жарақат алды. Оқиға Йом-Киппур күні – еврейлердің діни күнтізбесіндегі ең қасиетті мереке кезінде болды. Полиция шабуылды террористік акт деп таныды.
Куәгерлердің айтуынша, көлік алдымен синагога маңындағы адамдарға соққан, кейін жүргізуші пышақпен жиналғандарға шабуыл жасаған. Қауіпсіздік қызметкерлері күдіктінің ғимаратқа кіруіне жол бермеді. Полицейлер жеті минут ішінде оқиға орнына келіп, күдіктіні атып өлтірді. Оның үстінен жарылғыш затқа ұқсас белдік табылғанымен, кейіннен қауіпсіз екені анықталды.
Жараланғандардың арасында күзетші де бар. Олар ауруханаға жеткізілді.
Ұлыбритания премьер-министрі Кир Стармер оқиғаны «қорқынышты шабуыл» деп атап, елдегі синагогаларға қосымша полиция күштері жіберілетінін айтты. Король Чарльз III те қаза тапқандардың туыстарына көңіл айтты.
Манчестер мэрі Энди Бернхэм «қоғамға жасалған бұл соққыдан кейін қала тұрғындарының бірлікте болатынын» мәлімдеді.
Тергеу жалғасуда, күдіктінің аты-жөні әзірге ресми жарияланбады.
Испанияда жазғы аптап ыстықтан 3830 адам көз жұмды
Испанияда өткен жазда 3830 адам ыстықтың салдарынан қайтыс болды. Денсаулық сақтау министрлігінің мәліметінше, бұл көрсеткіш өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 87,6%-ға көп.
Қайтыс болғандардың басым бөлігі қарттар: олардың 65%-ы 85 жастан асқан, ал жалпы зардап шеккендердің 96%-дан астамы – 65 жастан жоғары адамдар.
Министрлік деректері нақты медициналық диагноздарға емес, артық өлім көрсеткіштеріне негізделгендіктен, статистика кейін қайта қаралуы мүмкін.
AEMET ұлттық метеорологиялық агенттігінің мәліметінше, өткен жаз 1961 жылдан бергі ең ыстық кезең болды. Орташа температура 24,2 °C-қа жеткен.
500 млрд долларға жетті: Илон Маск жаңа рекорд орнатты
Әлемдегі ең бай адам Илон Маск жаңа рекорд орнатты: оның байлығы қысқа уақытқа 500 миллиард долларға жетті. Forbes Real-Time Billionaires-тің мәліметінше, бұл көрсеткіш Tesla акцияларының 4%-ға өсуінің нәтижесінде тіркелді.
АҚШ-тағы сауда кезінде Масктың байлығы 9,3 млрд долларға артты. Дегенмен, күн соңында оның жағдайы 499,1 млрд долларға дейін төмендеді. Соған қарамастан, Маск алғашқы триллионер атануға бір қадам жақындады.
Соңғы бес жылда кәсіпкердің байлығы күрт өсті: 2020 жылы ол 24,6 млрд доллар болса, 2024 жылдың соңына қарай 400 млрд долларға жеткен еді.
Tesla-ның нарықтық құны қазір 1,44 триллион долларды құрайды. Маск сәуір айында саясаттан кететінін мәлімдегеннен кейін компания акциялары екі есеге жуық қымбаттады. Жақында ол Tesla-ның 2,5 млн акциясын 1 млрд долларға сатып алып, бизнеске деген сенімін көрсетті.
Масктың дәулетіне тек Tesla ғана емес, SpaceX және xAI Holdings компаниялары да ықпал етуде. SpaceX-тің бағасы 400 млрд долларға жетсе, жасанды интеллект саласында құрылған xAI Holdings 113 млрд долларға бағаланды.
Сарапшылардың пікірінше, қазіргі қарқын сақталса, Маск тарихтағы алғашқы триллионер атануы мүмкін.
Нидерланд Украинаны Еуропалық одаққа қабылдау процесін жеделдетуге қарсы
Нидерланд Украина мен Молдованы Еуропалық одаққа қабылдау процесін жеделдетуге қарсы екенін мәлімдеді. Бұл туралы елдің премьер-министрі Дик Схоф 2 қазанда Копенгагенде өткен Еуропалық саяси қоғамдастық саммитінен кейін айтты.
Еуропалық Кеңес төрағасы Антонио Коста ұсынған бастама Венгрияның ветосын айналып өтіп, келіссөздердің алғашқы блогын ашуды көздеген еді. Алайда Нидерланд бірауыздылық қағидасынан бас тартуға болмайды деп есептейді.
Украинаның болашағы – ЕО-да, бұған еш күмән жоқ. Бірақ біз үшін кіру рәсімінің тазалығы маңызды, – деді Дик Схоф.
Оның айтуынша, келіссөздерді жылдамдату Еуроодақтың қағидаларына қайшы келеді.
Схоф сондай-ақ Украина президенті Владимир Зеленскийдің көңілі қалғанын түсінетінін жеткізді.
Зеленский үшін әр кідіріс ЕО-ның алыстап бара жатқанын білдіреді. Бірақ біз бұл ұстанымымызды түсіндіріп келеміз және алдағы уақытта да түсіндіреміз, – деді ол.
Бұған дейін ЕО дипломаттары Нидерландының келіссөз блоктарын ашуда бірауыздылықтан білікті көпшілік дауысқа көшуді қолдамайтынын растаған болатын.