BAQ.KZ тілшісі соңғы тәулік ішінде болған маңызды халықаралық жаңалықтар топтамасын ұсынады. Бұл шолуда әлемдегі жалпы жағдайды көрсететін оқиғалар қамтылды.
АҚШ-та төтенше жағдай жарияланды
АҚШ-та Кубадан төнуі мүмкін қауіпке байланысты төтенше жағдай режимі енгізілді. Америка Құрама Штаттарының президенті Дональд Трамп Куба тарапынан ұлттық қауіпсіздікке қатер барын алға тартып, ел аумағында төтенше жағдай жариялағанын мәлімдеді. Бұл ақпарат Ақ үйдің ресми сайтында жарияланды.
.png)
Оның айтуынша, Куба билігінің ұстанып отырған саясаты мен нақты әрекеттері АҚШ-тың ұлттық қауіпсіздігі мен сыртқы саяси мүдделеріне тікелей қауіп төндіріп отыр.
Осыған орай, төтенше жағдай шеңберінде арнайы тарифтік шаралар енгізу жоспарланған. Атап айтқанда, Кубаға мұнайды тікелей немесе жанама жолмен сататын немесе жеткізетін өзге елдердің тауарларына қосымша кедендік алым салынуы ықтимал.
Қытай Ұлыбритания азаматтары үшін визалық ережелерді жеңілдетті

Қытай Ұлыбритания азаматтарына қатысты визалық талаптарды жеңілдету жөнінде шешім қабылдады. Қытай премьер-министрі Си Цзиньпин мен Ұлыбритания премьер-министрі Кеир Стармердің кездесуі барысында британдықтар үшін Қытайға бару тәртібін оңайлату туралы келісімге қол жеткізілді. Жаңа ережеге сәйкес, Ұлыбритания азаматтары Қытай аумағына 30 күнге дейін визасыз кіре алады.
Кеир Стармердің мәлімдеуінше, визасыз режим британдық компаниялардың Қытай нарығындағы қатысуын арттырып, Ұлыбританияда жаңа жұмыс орындарының ашылуына ықпал етеді. Сонымен қатар, ол бұл бастаманы екі ел арасындағы «Жаңа серіктестік» аясындағы экономикалық байланыстарды нығайтудың бір бөлігі деп атады.
Келісімнің негізгі мақсаты – Ұлыбританияның қызмет көрсету саласын дамыту. Атап айтқанда, денсаулық сақтау, қаржы, кәсіби қызметтер, заң саласы және білім беру бағыттары қамтылады. Қазіргі таңда Ұлыбритания Қытайға жыл сайын шамамен 13 миллиард фунт стерлинг көлемінде қызметтер экспорттайды, ал Қытай тарапынан бұл салаларға деген сұраныс соңғы жылдары айтарлықтай артқан.
Түркиядағы мұнай өңдеу зауытында жарылыс болды

Түркияның Измит қаласында орналасқан Tüpraş мұнай өңдеу зауытында жарылыс тіркелді. Мәліметтерге қарағанда, Кожаели провинциясына қарасты Керфез ауданындағы зауыт аумағында бензин сақталатын цистерна жарылған. Оқиғадан соң зауыт төңірегінде қою түтін пайда болып, бұл жағдай жергілікті тұрғындар арасында қысқа уақытқа алаңдаушылық тудырды.
Төтенше жағдай орнына өрт сөндіру қызметі дер кезінде жетіп, жалынды жедел түрде ауыздықтады. Алдын ала деректерге сәйкес, жарылыс нәтижесінде адам шығыны мен жарақат алғандар тіркелмеген.
Қазіргі таңда оқиғаның нақты себептерін анықтау мақсатында тиісті тергеу амалдары жүргізіліп жатыр.
Стамбулда тұтқындарды тасымалдаған автобус аударылып, 19 адам зардап шекті

Стамбулда тұтқындарды тасымалдаған Түркия қалалық жандармерия басқармасының автобусы қатысқан жол-көлік оқиғасы болды.
Жергілікті билік деректері бойынша, апат салдарынан 19 адам зардап шекті. Олардың ішінде жүргізуші, 12 тұтқын және 6 жандармерия қызметкері бар. Алдын ала белгілі болған деректерге сәйкес олардың екеуі ауыр жарақат алған.
Қазіргі уақытта жол-көлік оқиғасының себептері анықталуда.