Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Біріккен Ұлттар Ұйымының Босқындар ісі жөніндегі Жоғарғы комиссар басқармасы (БҰҰ БЖКБ) 2021 жылы ел ішінде қоныс аударғандар санының өсу үрдісі сақталғанын мәлімдеді, деп хабарлайды БҰҰ сайты.
БҰҰ мәліметінше, 2020 жылдың аяғынан 2021 жылдың маусымына дейін босқындардың жалпы саны 82,4 миллионнан 84 миллионға дейін өсті. Оның ішінде 51 миллион мәжбүрлі қоныс аударушылар өз елінің ішінде көшкен, олардың көпшілігі – Конго мен Эфиопияның өкілдері. Сонымен қатар, Мьянма мен Ауғанстандағы жағдай адамдарды 2021 жылғы қаңтар-маусым аралығында үйлерінен кетуге мәжбүр еткені айтылды.
Халықаралық қоғамдастық адамдарды үйлерін тастап кетуге мәжбүр ететін зорлық-зомбылық, қудалау және адам құқықтарының бұзылуына тосқауыл қоя алмады, – деді Филиппо Гранди, БҰҰ-ның босқындар ісі жөніндегі Жоғарғы комиссары.Оның айтуынша, климаттың өзгеруінің салдары босқындардың уақытша тұратын көптеген аудандарындағы онсыз да қиын жағдайды ушықтырып жатыр.
Жалпы, босқындардың көпшілігі бес елден келеді: Орталық Африка Республикасы – 71,8 мың, Оңтүстік Судан – 61,7 мың, Сирия – 38,8 мың, Ауғанстан – 25,2 мың және Нигерия – 20,3 мың.
12 миллионнан астам адам әлі күнге дейін азаматтығы жоқ. Сондай-ақ, БҰҰ биыл 126,7 мың босқынның үйлеріне оралғанын айтты.
Бұған дейін БҰҰ әлемдік қақтығыстар салдарынан әлемде барлығы 48 миллион адам босқын мәртебесіне ие болғанын хабарлаған. Бұл рекордтық оқиға.