Астанада өтіп жатқан бокстан Әлем кубогында қазақстандық екі боксшы жартылай финалға өтті, деп хабарлайды BAQ.KZ.
Бокстан Қазақстан ерлер құрамасының көшбасшысы Айбек Оралбай елордада өтіп жатқан Әлем кубогының жартылай финалына шықты. 90 келіден жоғары салмақта өнер көрсетіп жатқан боксшымыз 1/4 финалда италиялық Диего Ленциге қарсы қолғап түйістіріп, үш раунд бойы айқын басымдық танытып, жеңіске жетті.
Осылайша, Айбек Оралбай кем дегенде қола жүлдені ел қоржынына салды.
Ал осы жарыстың тағы бір қатысушысы, 75 келіге дейінгі салмақта ел намысын қорғап жүрген Сабыржан Аққалықов та ширек финалдағы қарсыласын жеңіп, жартылай финалға өтті. Ол канадалық Джошуа Офоримен болған тартысты кездесудің алғашқы раундында ұтылғанымен, келесі екі раундта мықтылығын дәлелдеп, айқын басымдықпен жеңіске жетті.
Аққалықов енді финал жолдамасы үшін рингке шығады.
Еске салайық, Астанада өтіп жатқан бұл беделді додада әлемнің мықты боксшылары бақ сынап жатыр. Қазақстан құрамасының жетістіктері отандық жанкүйерлер үшін үлкен қуаныш болуда.