Қазақстанның соңғы жаңалықтары

Әлем чемпионы Жәнібек Әлімханұлы белдікті жоғалтуы мүмкін – журналист

3 Желтоқсан 2025, 09:45
468
Бөлісу:
 t.me/aqorda_resmi
Фото: t.me/aqorda_resmi

Әлем чемпионы Жәнібек Әлімханұлына қатысты дауда талдау оң нәтижесін берсе, белдікті жоғалтуы мүмкін, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.

7 желтоқсан күні Бокстан WBO және IBF тұжырымдары бойынша орта салмақтағы Әлем чемпионы Жәнібек Әлімханұлы Америкада үш титулды біріктіру үшін жекпе-жек өткізуі тиіс болған. Қарсыласы – WBA тұжырымы бойынша осы салмақтағы әлем үздігі Эрисланди Лара.

Бірақ күні кеше Жәнібектің анализінен тиым салған заттардың табылғаны туралы айтылып жатыр. Халық жекпе-жек болмайды ма деп алаңдаулы.

Ал спортшының өзі бұл ақпаратқа былай деп түсініктеме берді.

Мен әрқашан таза спортты қолдаймын. Мұны жақсы білесіздер. Мен таза спортты насихаттап жүргенімді де білесіздер. Жаңалықты оқып таң қалып отырмын. VADA бірінші рет анализ алып бәрі таза деп еді. Мен витаминдеріме де, тамағыма да ешқандай өзгеріс енгізбедім. Екінші рет тестте неге мұндай болғанын түсінбей отырмын, біз қайта анализ тапсыруға өтініш айттық. Жауабын күтіп отырмыз, – деді Әлімханұлы.

Ал журналист Нұрбек Бекбау жекпе-жектің уақытша болмауының себептері мүлдем басқада екенін айтады.

VADA тексерісі аяқталмайынша, ешбір промоутер тәуекелге бармайды. Егер кейін допинг расталса, нәтижені күшін жою, қаржылық шығын, келісімшарт дауы басталады. Сол үшін барлығы үкім шыққанша күте тұрады. Және қарсылас тарап Жәнібектің допинг ішкен-ішпегенін нақ білмей, шартқа қол қоймайды. Бұл – қалыпты құбылыс. Сондай-ақ, допингке тексеру жүріп жатқан спортшының рингке шығуына рұқсат ету – регламентке қайшы. Сондықтан лицензия автоматты түрде уақытша тоқтайды, – деп түсіндіреді ол.

Сондай-ақ салдарын да болжап көрді.

Егер екінші анализде тыйым салынған зат расталмаса, Жәнібек толық ақталады. Жекпе-жек қайта белгіленуі мүмкін, беделіне де айтарлықтай нұқсан келмейді. Ал оң нәтиже көрсетсе, уақытша дисквалификация берілуі мүмкін, – деп болжайды журналист.

Егер толық дәлелденсе, белдіктен айырылуы да мүмкін екендігін жоққа шығармайды.

Өзгелердің жаңалығы