Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Грек-рим, еркін және әйелдер күресінен әлем чемпионының ұйымдастырушылары әлем біріншілігінің жүлдегерлеріне берілетін медальдың дизайнын көпшілікке жария етті.
Ұйымдастырушылар дөңгелек пішіндес қалыпты дизайннан бас тартып, медальдың үш бұрышты түрін таңдаған. Бұл форма күрестің үш түрінен Біріккен күрес әлемі (United World Wrestling) аясында өтетін әлем чемпионатының бірлігі мен тұрақтылығы іспеттес.
Ұйымдастыру комитетінің төрағасы Ерлан Қожасбайдың айтуынша, медальдің бетінде біріншіліктің логотипі мен астанамыздың символы - "Бәйтерек" салынған. Ал логотипті толықтырып тұрған доғал сызықтар күрес әдісін сипаттайды.
Ал медальдың екінші бетінде күрестен әлем чемпионатының символы - қар барысы бейнеленген.
Естеріңізге сала кетейік, 2019 жылдың 14-22 қыркүйек аралығында Қазақстан астанасында Грек-рим, еркін және әйелдер күресінен әлем чемпионаты өтеді. Бұл дүбірлі додада Токио Олимпиадасына іріктеу жүріледі. "Барыс Аренада" өтетін жарыста Олимпиада лицензиясы үшін әлемнің 100 елінен 1002 балуан таласқа түседі.