Әлем чемпионатына баратын еліміздің әйелдер құрамасы жасақталды

25 Қыркүйек 2024, 14:49
406
Бөлісу:
Әлем чемпионатына баратын еліміздің әйелдер құрамасы жасақталды
Фото: Халықаралық күрес федерациясы (UWW)

Албания астанасы Тиранада 28-31 қазан аралығында өтетін күрестен олимпиадалық емес салмақтағы әлем чемпионатына баратын еліміздің әйелдер құрамасы жасақталды, деп хабарлайды BAQ.KZ Туризм және спорт министрлігі Спортты дамыту дирекциясына сілтеме жасап.

Дүбілді додада Зульфия Яхьярова (55 кг), Диана Каюмова (59 кг), Ирина Казюлина (65 кг) мен Жәмилә Бақбергенова (72 кг) күреседі.

Бұл тізімнен Жәмилә Бақбергенованы ерекше атап өтуге болады. Ол – 72 кг дейінгі салмақта әлем рейтингінің көшбасшысы. Екі дүркін әлем чемпионатында күміс (2021 және 2022 жылы), тағы бір мәрте қола (2023 жылы) жүлдеге ие болған. Сонымен қатар Азияның 3 дүркін жеңімпазы және бірнеше дүркін жүлдегері екенін айта кеткен жөн.

Жәмилә былтыр Белградтағы әлем чемпионатында топ жарып, Олимпиада бағдарламасына кіретін салмаққа ауысқысы келгенін айтқан. Алайда жартылай финалда моңғолиялық палуанға есе жіберіп, кейіннен үздік үштікті түйіндеген.

Бапкерлер қосыны таңдаған қалған 3 отнадасымыздың да халықаралық аренадағы тәжірибесі мол.

Қазақстан әйелдер құрамасының бас бапкері Қайрат Сағадиев қазір команданы Алматы облысындағы «Ақбұлақ» орталығына жинап, жаттығудың алғашқы кезеңін өткізіп жатыр.

Қазір жалпы және арнайы дене дайындығының бел ортасына келдік. Айдың аяғында жаттығу жұмысы аз уақытқа тоқтайды. Сосын, 2-кезеңді Астана қаласында ұйымдастырамыз. Онда палуандар техника мен тактика жағынан дайындыққа ден қояды,-деді Қайрат Сағадиев.

Еске сала кетейік, осыған дейін мұндай форматтағы дүниежүзілік дода (олимпиадалық емес салмақтағы) тек 2016 жылы Мажарстан астанасында өткен. Ол кезде қазақ палуандарынан Нұрлан Бекжанов (еркін күрес, 70 кг) күміс, Айым Әбділдина (55 кг) қола медаль жеңіп алған.

Өзгелердің жаңалығы