2026 жылғы футболдан әлем чемпионатында кезекті ойын күнінде бірнеше маңызды оқиға тіркелді. Аргентина құрамасы Австрияны жеңіп, мерзімінен бұрын плей-оффқа жолдама алса, Лионель Месси әлем чемпионаттары тарихындағы ең үздік сұрмерген атанды. Ал Франция мен Норвегия құрамалары да келесі кезеңге шығуын қамтамасыз етті.
Месси жаңа рекорд орнатты
J тобындағы екінші турда Аргентина Австрияны 2:0 есебімен ұтты. Кездесу АҚШ-тың Техас штатындағы «AT&T Stadium» аренасында өтті.
Матчтың 9-минутында Лионель Месси пенальтиден мүлт кеткенімен, 38-минутта есеп ашты. Осылайша аргентиналық шабуылшы әлем чемпионаттарындағы 17-голын соғып, Германия құрамасының бұрынғы шабуылшысы Мирослав Клозенің рекордын жаңартты.
Ойынның қосымша уақытында Месси тағы бір мәрте мергендік танытып, турнирдегі гол санын 18-ге жеткізді.
Айта кетерлігі, дәл осы күні, 1986 жылғы 22 маусымда Диего Марадона Англия қақпасына әйгілі «Құдайдың қолы» және «Ғасыр голын» соққан болатын.
Жеңістен кейін Аргентина екі матчта алты ұпай жинап, плей-офф кезеңіне мерзімінен бұрын жолдама алды.
Мбаппе әлем чемпионаты тарихындағы екінші үздік бомбардир атанды
I топтағы матчта Франция құрамасы Иракты 3:0 есебімен жеңді.
Килиан Мбаппе кездесуде дубль авторы атанып, әлем чемпионаттарындағы гол санын 16-ға жеткізді. Осы көрсеткішпен ол барлық уақыттағы үздік сұрмергендер тізімінде екінші орынға көтерілді. Алғашқы орында — 18 голмен Лионель Месси.
Матч ауа райының қолайсыздығына байланысты екі сағаттан астам уақытқа тоқтатылды. Найзағайдан кейін жалғасқан ойында Усман Дембеле де бір гол соғып, Францияның сенімді жеңісіне үлес қосты.
Екі турдан кейін Франция құрамасының еншісінде алты ұпай бар және команда плей-офф кезеңіне жолдама алды.
Холанд тағы дубль жасады
Нью-Джерсиде өткен кездесуде Норвегия Сенегалды 3:2 есебімен жеңді.
Ойынның басты кейіпкері Эрлинг Холанд болды. «Манчестер Сити» шабуылшысы екі гол соғып, әлем чемпионаттарындағы жалпы гол санын төртке жеткізді. Бұл — Норвегия құрамасы тарихындағы рекордтық көрсеткіш.
Сенегал сапынан Исмаила Сарр екі мәрте мергендік танытқанымен, команда жеңілістен құтыла алмады.
Осылайша Норвегия да Франциямен бірге I топтан плей-офф кезеңіне шығуын қамтамасыз етті.
Топтық кезеңнің соңғы турында Аргентина Иорданиямен, Австрия Алжирмен кездеседі. Ал I топта Франция мен Норвегия топ көшбасшылығын сарапқа салады, Сенегал Иракпен ойнайды.