Қазақстандық теннисші Александр Бублик Францияның ашық чемпионатында алғаш рет төртінші айналымға өтті, деп хабарлайды BAQ.KZ.
"Спорт Шредингера" телеграм каналының ақпаратына сәйкес, ол үшінші кезеңде Португалия өкілі Энрике Рошуды 7:5, 6:1, 6:2 есебімен жеңді. Кездесу екі сағатқа жетпей аяқталды.
Бұл нәтижемен Бублик 265 мың еуро көлемінде жүлде қорын қамтамасыз етті және ATP live-рейтингісінде 49-орынға көтерілді (+13). Турнир аяқталғанша ол топ-50 ішінде қалуы мүмкін.
Келесі айналымда Бублик Ұлыбританиялық теннисші, әлемнің 5-ракеткасы Джек Дрейпермен кездеседі.
Ертең турнирдің төртінші айналымында Қазақстанның тағы бір өкілі Елена Рыбакина Польшадан келген Ига Швентекпен ойнайды. Матч орталық кортта өтеді.