Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Қарағанды облысының әкімі Жеңіс Қасымбек Қарағанды қаласының Оңтүстік-Шығысында ашылған «Луч» нейроқалпына келтіру орталығының және Гематология орталығының жаңа филиалында болды. Бұл туралы өңір басшысы әлеуметтік желідегі парақшасында жазды.
Бұл – бесінші «Луч». Үш жыл бұрын орталықтың басты бөлімшесі Қарағандыда ашылған болатын. Ал қазір Жезқазған мен Теміртауда орталықтың филиалдары жұмыс істеп тұр. Жалпы, «Луч» мамандары жылына 3 мыңнан астам адамды қабылдайды. Мұнда инсульттан, нейрохирургиялық және травматологиялық операциялардан кейін адамдарды қалпына келтіру үшін барлық жағдайлар жасалған. Қозғалысы шектеулі науқастар үшін заманауи жабдықтар орнатылған. Мемлекеттік-жекеменшік серіктестік тетіктерінің арқасында оңалтуды МӘМС арқылы ақысыз алуға болатындығын атап өткен жөн, – деп жазды Қасымбек.Облыс әкімінің айтуынша, жалпы, алдағы үш жылда тағы жеті денсаулық сақтау нысаны салынатын болады.
Биылғы жылы Қарағандыда облыстық көпсалалы балалар ауруханасының, Майқұдық пен Сортировкадағы екі жедел жәрдем станциясының құрылысы аяқталады. Сондай-ақ, менің ойымша, болашақтың медицинасы болып табылатын нефрологиялық орталық, позитронды-эмиссиялық томография орталығы және сәулелік терапия орталығы ашылады деп күтілуде. МЖӘ аясында тағы 5 емхана ашуды жоспарлап отырмыз. Жазда Қарағандыда 330 орындық жаңа облыстық клиникалық аурухананың, Балқашта БМСК орталығының, Х.Ж.Мақажанов атындағы аурухананың жаңа ғимаратының және Ұлытау ауылындағы орталық аудандық аурухананың құрылысы басталады. Осы жылдың соңына дейін Қарағанды облысындағы барлық орталық аймақтық ауруханалар жөнделеді. Алдағы екі жылдың ішінде онкологиялық диспансердің операциялық-реанимациялық блогының, Қарағанды қаласындағы №1 аурухананың диагностикалық бөлімшесінің және ауылдық жерлерде 31 фельдшерлік-акушерлік бекеттердің құрылысы салынатын болады, – деп жазды Қарағанды облысының әкімі Жеңіс Қасымбек.