2023 жылдан бастап темекі өнімдеріне акциз ставкалары көтеріледі, деп хабарлайды BAQ.KZ Мемлекеттік кірістер комитетіне сілтеме жасап.
2022 жылғы 11 шілдедегі №135-VII заңмен Салық кодексіне енгізілген өзгерістерге сәйкес темекі өнімдеріне акциз ставкалары кезең-кезеңімен көтеріледі.
Ставкалар 2023, 2024 және 2025 жылдарға бекітілген. Салық кодексінің 463-бабы 4-тармағының 1) тармақшасындағы кестенің 14, 15, 16, 18, 21 және 22-жолдарына өзгерістер енгізілді, - деп жазылған хабарламада.
Фильтрі бар сигареттер:
- 2023 жылы – 14 100 теңге/1 000 дана;
- 2024 жылы – 15 900 теңге/1 000 дана;
- 2025 жылы – 15 900 теңге /1000 дана.
Сондай-ақ сигарилларға акциз ставкалары сигареттер ставкаларына теңестірілген.
Қыздырылатын темекісі бар бұйымдарға өлшем бірлігін килограмнан данаға өзгертіп, сигареттерге акциз ставкасының мөлшерінен 70% деңгейіндегі акциз ставкасы айқындалды:
- 2023 жылы – 9 870 теңге /1000 дана;
- 2024 жылы – 11 130 теңге /1000 дана;
- 2025 жылы – 11 130 теңге /1000 дана.
Сондай-ақ «Салық және бюджетке төленетін басқа да міндетті төлемдер туралы» кодексін (Салық кодексі) қолданысқа енгізу туралы» заңның 43-бабына өзгерістер енгізілді.
Электрондық сигареттерде пайдалануға арналған картридждердегі, резервуарлардағы және басқа да контейнерлердегі никотині бар сұйықтыққа ставка төмендегі деңгейде өседі:
- 2023 жылы – 53 теңге/сұйықтық миллилитріне;
- 2024 жылы – 55 теңге/сұйықтық миллилитріне;
- 2025 жылы – 55 теңге/сұйықтық миллилитріне.