Алдағы уақытта отбасын құру қиындай береді - әлеуметтанушы

14 Сәуір 2023, 16:05
3041
Бөлісу:
Алдағы уақытта отбасын құру қиындай береді - әлеуметтанушы
Фото: BAQ.KZ

АҚШ-та отбасы құруға талпынатын ерлер саны азайған. Оның себебі - қыз бен жігіт қарым-қатынасында құндылықтардың ауысуы. Онымен қоса сарапшылардың айтуынша, әлемдік әлеуметтік-экономикалық жағдай да өз әсерін тигізген. Бұл тақырыпта әлеуметтанушы Айсұлу Молдабекпен сұхбаттасқан едік, деп жазады BAQ.KZ тілшісі.

- Еуропа халқы қайтарып бара жатыр деп көп естиміз. Оған себеп туу мен өсудің аз болуы. Біздің ел де дамыған мемлекеттердің үрдісін қайталай ма?

Егер некеге тұрушылар санын 1991 жылдан бастап қарайтын болсақ, ол жылдары отбасын құрғандар көп болған. Ол кезде бүкіл еліміз бойынша 10,9 коэффициентке жеткен. Ал қазіргі таңда бұл көрсеткіш - 7,3 коэффициент. Алайда, 1991 жылдан бастап халық санының тұрақты өсіп отырғанын ескеруіміз керек. Дегенмен кейінгі жылдары әлеуметтік-экономикалық кризистен болса керек некеге тұрушылар саны кеміп отырды. Мәселен, 2000 жылы 90 мың ғана неке тіркелген. Ал ең көп неке 2013 жылы 168 мың адам некеге отырған. Бүгінгі таңда некеге тұрғандар саны 140 мыңның шамасында. Бұдан көретініміз 2013 жылдан бері отбасын құратындар саны азайып келеді. Сонымен қатар ажырасу туралы статистиканы қарасақ, 2000 жылы ажырасқандар саны 27 мың болса, 2019 жылы пандемия кезеңінде ең жоғары көрсеткішке - 59 мыңға жеткен. 2021 жылы - 48 200 адам ажырасқан. Бұдан түйетініміз әлеуметтік-экономикалық кризистің отбасын құруға тікелей әсері бар.

- Кризиске байланысты және айлықты көтеруге қатысты мемлекет тарапынан қабылданып жатқан шешімдер ше?

Соңғы жылда некеге тұратын азаматтар саны азайып, ажырасып кететін отбасы көбейген. Біздің қазіргі демографиялық өсіміміз бұдан да жақсы болар еді. Бүгінгі демографиялық өсіміміз аса мақтанатындай деңгейде емес. Сол себепті біз жас отбасыларды, отбасын құруға ұмтылған азаматтарға мүмкіндігінше жағдай жасап, оны экономикалық жағынан қамтамасыз ететін тетіктерді қарастыруымыз керек. Жалпы, мемлекет тарапынан қажетті стимул жоқ екенін байқаймыз. Жас отбасыларға арналған жалдамалы пәтер алу бағдарламасы бар, бірақ оның өзі бәріне бірдей қолжетімді емес. Үй алу бағдарламасы бар, ол тек үлкен қалаларда және азаматтың табысы мен тұрақты жұмысына қарайды.

- Ауылдық жерде тұратын жас отбасыларды қалай сақтап қалуға болады? Елдің демографиялық өсіміне әсер етіп отырған ауылды елді мекеннің халқы...

Ел халқының 48 пайызы ауылдық жерде тұрады. Аймақтағы халықты да ойлауымыз керек. Мысалы, ол жерде де жас отбасы қалаға кетпейтіндей етіп,  жағдай жасауымыз керек. Біздің менталитетімізде көбіне ер адамның ерік-жігеріне байланысты отбасы құрылады. Экономикалық-әлеуметтік жауапкершілік ер адамға қойылады. Сондықтан мұндай кризистік кезеңде үйлену бұрынғыдан біршама қиындайды. 

Үйлену– көп шығын. Қазір кемінде 3-4 млн қаражатсыз той жасай алмайды. Меніңше, қазіргі жастар рационалды ойлауы тиіс. Олар ешқандай ұрансыз, тойсыз және ысырапсыз өмір сүруге ұмтылса екен. Әр адам отбасын құрғысы келсе, аса үлкен дайындықпен келуі керек. Бірінші орынға жауапкершілікті қойғаны жөн. Мүмкіндігінше берік отбасы болуға талпыну қажет деп есептеймін.

Уақыт бөліп, сұхбат бергеніңізге рахмет!
 

Өзгелердің жаңалығы