2024 жылғы 06-08 сәуірге арналған Қазақстан бойынша ауа райы болжамын "Қазгидромет" ұсынды, деп хабарлайды BAQ.KZ.
Қазақстан бойынша тұрақсыз ауа райы сақталады.
Еліміздің басым бөлігінде, атмосфералық фронттардың өтуімен тұрақсыз ауа-райы күтіледі, жаңбыр жауады, 06-08 сәуірде түнгі уақытта солтүстік-батыста, 08 сәуірде солтүстікте жауын-шашын (жаңбырдың соңы қарға ұласады) жауып, жел күшейеді.
06 сәуірде Батыс Қазақстан, Түркістан және Жамбыл облыстарында, 06-07 сәуірде Алматы облысында, 08 сәуірде Ұлытау және Қарағанды облыстарында қатты жаңбыр болжануда. Оңтүстік аймақтарда найзағай, бұршақ, дауыл күтіледі. Қазақстан бойынша түнгі және таңертеңгі сағаттарда тұман күтіледі.
Республикамыздың солтүстік-батысы мен солтүстігінде ауа температурасы күндіз 13-20 жылыдан 7-15 жылыға дейін төмендейді. Еліміздің орталығы мен шығысында күндіз термометрлердің бағандары 15-20 жылыға дейін көтеріледі.