Мәжілістің жалпы отырысында еліміздің 2025-2029 жылдарға арналған әлеуметтік-экономикалық даму болжамы таныстырылды, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Премьер-министрдің орынбасары – Ұлттық экономика министрі Нұрлан Байбазаров еліміздің алдағы уақытта қалай дамитынына болжам жасады.
Болжамды қалыптастырудың негізіне мұнайдың бағасы барреліне 75 АҚШ доллары және доллардың есептік бағамы 470 теңге болғандағы базалық сценарийі алынды. Болжам бойынша 2025 жылы жалпы ішкі өнімнің нақты өсуі 5,6 пайыз, 5 жыл ішінде жалпы ішкі өнімнің орташа жылдық өсуі – 5,4 пайыз болады, - дейді ол.
Байбазаровтың айтуынша, номиналды жалпы ішкі өнім 2025 жылғы 150,8 трлн теңгеден 2029 жылы 234,2 трлн теңгеге дейін өседі.
Экономиканың барлық саласында өсу күтіліп отыр. Мысалы, өнеркәсіптегі орташа жылдық өсу қарқыны 4,1 пайыз, оның ішінде өңдеу өнеркәсібінде – 5,8 пайыз, тау-кен өндіру өнеркәсібінде – 2,9 пайыз. Ауыл шаруашылығындағы орташа жылдық өсім 5,3 пайыз, құрылыста – 9,3 пайыз, көлік қызметтерінде 8,2 пайыз және саудада 7,1 пайыз. Мұнай өндіру көлемі 2025 жылы 97,2 млн тоннадан 2029 жылы 104,8 млн тоннаға дейін ұлғаяды, - деп айтты Премьер-министрдің орынбасары – Ұлттық экономика министрі.
Тауарлардың экспорты 2025 жылы 82,3 миллиард АҚШ доллардан 2029 жылы 90,0 миллиард АҚШ долларға дейін өседі деп болжанып отыр.
Импорт 61,3 миллиард АҚШ доллардан 67,5 миллиард АҚШ долларға дейін өседі.
Инфляция деңгейі 2025 жылы 5,5 және 7,5 пайыз, 2026 жылы 5 және 6 пайыз аралығында айқындалды, кейіннен 2027-2029 жылдары 5 пайызға дейін төмендеуі күтіліп отыр.
Еске сала кетейік, Мәжіліс 3 жылдық бюджетті қабылдағаны туралы осыған дейін жаздық.