Алматыда 28 шілдеде жоғалып кетіп, 25 күннен соң табылған жасөспірім Айдос Әкімбаевқа қатысты тың ақпарат белгілі болды, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
25 күн бойы іздеу жұмыстары жүргізілген 16 жастағы жасөспірім аман-есен үйіне оралғаны белгілі.
Алматы қалалық Полиция департаментінің мәліметінше, тамыз айының басында полицияға әйел адам баласының хабар-ошарсыз кеткені туралы арыз берген.
Тексеру барысында жоғалып кеткен азаматтың аса ірі көлемдегі алаяқтық дерегі бойынша тіркелген қылмыстық іске қатысты күдікті екендігі белгілі болды. Оның кәмелетке толмағанын ескере отырып, оған бұлтартпау шарасы ретінде үйқамақ қолданылған. Алайда ол бұл шараны бұзып, жасырынған. Кейін сот санкциясы өзгертіліп, қамауға алу туралы шешім қабылданды, - деп жауап берді Алматы қалалық ПД редакцияның сауалына.
Сонымен қоса оның ұсталғанын айтты.
Қазіргі уақытта іздеуде болған азамат табылды және ұсталды. Медициналық тексеріс нәтижесінде оның денесінде ешқандай жарақат анықталған жоқ, денсаулығы қанағаттанарлық. Оны ұрлап кетті деген ақпаратқа қатысты тексеру жүргізілуде. Оның нәтижесі бойынша құқықтық баға берілетін болады, - деді ПД.
Еске салайық, Алматыда қоқыс шығаруға шыққан 16 жастағы жасөспірім жоғалып кеткені туралы ақпарат тарады.
Арада бір айға жуық уақыт өткенде оның дін аман табылғаны мәлім болды.