Атырау облысындағы криминалдық полиция басқармасының жедел уәкілі алаяқтыққа барып, онсыз да қылмыстық жауапкершілікке тартылғалы тұрған азаматтан 1,5 млн теңге талап еткен. Сол әрекеті үшін өзі 15 млн теңге айыппұл арқалады, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Жедел уәкіл қылмысқа барған азаматтардың бірінен ақша алып, материалдық жағдайын жақсартуды көздеген. Тұрғынның құқықтық сауатсыздығы мен психологиялық күйін пайдаланыпты. Бірақ айласы әшкере болды. Өзі қылмыстық кодекстің 190-бабы 3- бөлігінің 2 тармағына сай тергеуге алынды. Прокурорлар сотталушыға мемлекеттік қызметте және мемлекеттік ұйымдарда қызмет атқару құқығынан өмір бойына айыра отырып, 4 жыл мерзімге бас бостандығынан айыру жазасын тағайындауды сұрады. Ал жәбірленуші бас бостандығынан айыруға келіспеген.
Бірақ сотталған жедел уәкілдің өзі кәнісін мойындапты. Шын жүректен өкінетінін жеткізген. Сот барлық мән-жайды ескеріп, сотталушыны өмір бойы мемлекеттік ұйымдарда, мемлекеттік қызметте жұмыс істеу құқығынан айырып, 15 млн теңге айыппұл төлеуге міндеттеді.
Сотталушының асырауында кәмелетке толмаған баласының болуы, кінәсін мойындауы, шын жүректен өкінуі, келтірілген залал мөлшерінің толық өтелуі жаза мен қылмыстық жауаптылықты жеңілдететін мән-жай ретінде танылды, ауырлататын мән-жайлар анықталмады. Сот үкімімен Х.Н. тағылған айып бойынша кінәлі деп танылып, мемлекеттік қызметте және мемлекеттік ұйымдарда лауазымдарды атқару құқығынан өмір бойына айыра отырып, параның 10 еселенген сомасы мөлшерінде айыппұл жазасы тағайындалды. ҚК-тің 49-бабының 1-бөлігіне сәйкес «полиция капитаны» арнайы шенінен айырылды, - дейді Облыстық соттың баспасөз қызметі.