Алматыда 200 млн теңгені қолды еткен алаяқ ұсталды

31 Қаңтар 2019, 16:06
2930
Бөлісу:
Алматыда 200 млн теңгені қолды еткен алаяқ ұсталды

Астана, BAQ.KZ тілшісі. Қазіргі таңда полиция алаяқ әйелдің басқа қылмыстарға қатысы бар-жоқтығын анықтауда. Бұл туралы Алматы қаласы полиция департаментінің баспасөз қызметі хабарлайды.

Алмалы аудандық полиция басқармасы 37-жастағы әйел ел аумағында алаяқтық жасап, 100-ден астам адамды сан соқтырып кетуі мүмкін екенін айтады.

«Күдікті азаматтарға бірігіп бизнес жүргіземіз, Қытай мен Қырғызстаннан тұрмыстық тауарларды жеткізіп беремін деп, екі сенімді тұрғынды тауып, арам пиғылмен оларға кәсіпке ақша құюға шақырған. Ол зардап шеккен азаматтарға тауарды сатуға көмектесетін сенімді азаматтар бар екенін, аталған кәсіптен үлкен пайда табатынын айтқан. Бірақ «бизнесті» дамытудан түскен қаражатты өзі алып отырған. Қазіргі таңда 37-жастағы әйелдің әрекеті салдарынан азаматтарға 200 млн теңгеден астам зиян келген. Тек біздің ауданда ол 20 қылмыс жасаған», - дейді Алмалы аудандық полиция басқармасының басшысы Данияр Мендебаев.

Осыған дейін 37 жастағы әйел азаматтарды алдағаны үшін сотталған екен.

Қазіргі таңда қылмыстық кодекстің «Алаяқтық» бабы бойынша сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізілуде.

«Ж. есімді азаматтың әрекетінен зардап шеккен тұрғындар мына нөмірлерге хабарласа алады: 254-46-12, 8-775-203-64-04; 8-702-333-42-64; 8-702-007-55-11», - делінген полиция департаменті таратқан хабарламада.

Дәурен Ерболат

Өзгелердің жаңалығы