Алаяқ зейнеткерлердің ақшасын сувенир ақшаға айырбастаған

9 Қыркүйек 2024, 13:27
314
Бөлісу:
Алаяқ зейнеткерлердің ақшасын сувенир ақшаға айырбастаған
Фото: Арман Мухатов - архив

Астаналық әйел зейнеткерлерді алдап, қолма-қол ақшаны сувенир ақшаға айырбастаған, деп хабарлайды BAQ.KZ.

Астана қаласы ПД баспасөз қызметінің мәліметінше, елорданың 28 жастағы тұрғыны зейнеткерлердің сеніміне кіріп, өзін әжелерге көмектесетін ерікті ретінде таныстырған.

Осылайша, ол 84 жастағы зейнеткердің сеніміне кіріп, үйіне кірген. Әңгіме барысында ол отбасы мүшелерінің жоқтығын пайдаланып, шкафтарды тінтіген. 50 мың теңге көлемінде ақша тауып алып, ол оларды бутафорлық банкноттармен алмастырған.

Бұдан бөлек ұры елорданың 82 жастағы тұрғынын алдаған. Зейнеткер азық-түлік сатып алуға деп қалдырған 40 мың теңгені ұрлап әкеткен.

"Құқықтық тәртіп" жедел-алдын алу іс-шарасын өткізу барысында "Сарыарқа" ауданы ПБ қызметкерлері әйелді ұстады. Тінту барысында ұрланған ақша, сондай-ақ сувенир банкноттар тәркіленген. Ұсталған әйелдің бұған дейін бірнеше рет сотталғаны анықталды. Аталған дерек бойынша қылмыстық іс қозғалды. Қазір әйел Астана қаласы ПД УҰИ-на қамалды, - делінген хабарламада.

Астана қаласының полиция департаменті азаматтарға қырағы болуды, бейтаныс адамдарға сенбеуді ескертеді. Көбінесе қарт адамдар алдаудың құрбаны болады. Оларға мұндай жағдайларда өзін қалай ұстау керектігін, заңсыз әрекеттер туралы дереу полицияға хабарлауы керектігін түсіндіру қажет.

Өзгелердің жаңалығы