Қазақстанда Алатау қаласындағы нысандарды салу және пайдалану барысында енгізілетін бірегей халықаралық стандарттар кейін басқа өңірлерге де таратылуы мүмкін. Бұл туралы Премьер-министрдің орынбасары Қанат Бозымбаев Үкіметтегі брифингте мәлімдеді, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Оның айтуынша, Алатау аумағында озық тәжірибелерді сынақтан өткізу үшін бірнеше жыл қажет болады.
Бірегей ғимараттарды салу және пайдалану кезінде халықаралық стандарттарды толық сынақтан өткізуге бірнеше жыл керек. Біз озық тәжірибелерді Алатау аумағында тәжірибелік түрде қолданып көргіміз келеді. Қай бағыттарда тиімді нәтиже берсе, сол тәжірибені еліміздің басқа өңірлеріне де тарата аламыз. 2–3 жыл ішінде белгілі бір нәтижелер болады: кей салаларда оң, ал кейбірінде теріс болуы мүмкін. Осы қорытындылар негізінде үдерістерді түзетіп, көптеген саланы реформалауға мүмкіндік туады, – деді Қанат Бозымбаев.
Бұған дейін үкіметаралық келісімге қол қоюға дайындық жүріп жатқаны хабарланған болатын. Спикердің айтуынша, корей тарапы елдер арасында құқықтық көпір қалыптастыруды сұраған.
Сонымен қатар біз кореялық Hyundai Green Food компанияларының бірімен алдын ала келісімге қол қойдық. Олар біздің заңның күшіне енуін күтіп отыр. Сол кезде басым салалар, белгілі бір преференциялар айқындалады. Осыдан кейін біз оларға жер учаскесін бөліп береміз, олар да зауыт салуды жоспарлап отыр, – деді Премьер-министрдің орынбасары.
Тағы бір бағыт – білім беру саласы. Алдағы бірнеше айда Алатау қаласында жоғары технологиялар бағытындағы Оңтүстік Кореяның үздік университеттерінің бірі – KAIST-тің толыққанды кампусы ашылуы мүмкін.