Алатау Сity: Салық жеңілдіктері кімдерге беріледі?

Инвесторларға қандай талаптар қойылатыны белгілі болды. 

 ©BAQ.KZ коллажы Бүгiн 2026, 12:04
Бүгiн 2026, 12:04
99
Фото: ©BAQ.KZ коллажы

Алатау қаласында салықтық преференциялар тек басым салалардағы жаңа инвестициялық жобаларға беріледі. Бұл туралы Премьер-министрдің орынбасары Қанат Бозымбаев Парламент палаталарының бірлескен отырысында мәлімдеді, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.

Бұл жобалар негізгі критерийлерге сәйкес болуға тиіс, - деп атап өтті вице-премьер.

Олар:

  • экономикалық және әлеуметтік тиімділігі;
  • қаланың стратегиялық құжаттарына сәйкестігі;
  • экспортқа бағдарлануы және инновациялық сипаттылығы;
  • экологиялық талаптарды қамтуы.

Айтуынша, барлық жеңілдіктер мен инвесторлардың міндеттемелері ашық түрде жарияланатын болады.

Alatau City Authority республикалық бюджеттік бағдарламалардың дербес әкімшісі болады. Оның бюджеті республикалық бюджет құрамында блоктық бюджеттеу қағидаты бойынша қалыптасып, негізінен инфрақұрылымды дамытуға және ұзақ мерзімді жобаларды қолдауға бағытталады. Өз кезегінде жобаларды іріктеу мен қаржыландыру тәртібін кеңес бекітетін болады. Ал қаланың жергілікті бюджеті әлеуметтік және ағымдағы міндеттерді қаржыландыруға жұмсалады. Алатау өзін-өзі қамтамасыз еткенге дейін қала бюджетінен басқа бюджеттерге қаражат алуға жол берілмейді, - деп түсіндірді Қанат Бозымбаев.

Сондай-ақ қаланың дамуы стратегиялық құжаттарға негізделеді. Олар – 30 жылға арналған ұзақ мерзімді даму жоспары және 15 жылдық стратегия мен мастер жоспар.

Инвесторлар үшін тұрақтылықты сақтау мақсатында аталған құжаттарға өзгерістер тиісінше 10 және 5 жыл ішінде бір реттен жиі енгізілмейді. Жер қатынастары арнайы режим арқылы реттеледі. Қаланың жер қоры қалыптастырылады. Бұл стратегиялық және инвестициялық жобаларды іске асырудың негізгі құралы және даму мен экономикалық өсудің ресурсы ретінде қарастырылады. Инвесторларға жер учаскелері бизнес лицензия немесе келісімшарт негізінде беріледі. Жерді пайдалану шарттары нақты инвестициялық міндеттемелермен тікелей байланысты болады, - деді вице-премьер.

Наверх