Алатау қаласы Қазақстандағы үлгілі шаһарға айналады - Үкімет

24 Қараша 2023, 15:11
837
Бөлісу:
Алатау қаласы Қазақстандағы үлгілі шаһарға айналады - Үкімет
Фото: Үкімет баспасөз қызметі

Үкіметте ҚР Премьер-Министрі Әлихан Смайыловтың төрағалығымен өткен кеңесте Алматы облысында Алматы және Қонаев қалаларының арасында Алатау шаһарының (G4 City) құрылысы жобасын іске асыру мәселелері талқыланды, деп хабарлайды BAQ.KZ.

Орталық мемлекеттік органдардың және өңір әкімдігі басшыларының қатысуымен қаланы дамыту тәсілдері қаралды. Жоспарға сәйкес ол отандық және шетелдік инвестицияларды тарта отырып, жаһандық стандарттар бойынша жұмыс істейтін Халықаралық бизнес-хабқа айналуы тиіс. Бұл ретте Дубай, Сингапур, Тяньцзинь және т.б. сияқты әлемнің әйгілі орталықтарын құру тәжірибесі негізге алынбақ.

Атап айтқанда, Алатау қаласын дамыту Қытаймен және Орталық Азия елдерімен сауда және инвестициялық өзара іс-қимыл деңгейін арттыруға, бірқатар жаңа өндірістік және коммерциялық жобаны іске қосуға, түрлі салаларда озық тәжірибені енгізуге мүмкіндік береді. Осы мақсатта инвестициялар тарту және кәсіпкерлік қызметті жүргізу үшін қолайлы жағдайлар жасалып, ынталандыру шаралары көзделетін болады. Бұл соның ішінде салық және кедендік артықшылықтарға да қатысты.

Сонымен қатар Алатау қаласының аумағында ерекше құқықтық режимді, оның ішінде АХҚО құқығын енгізу мүмкіндігі қаралатын болады.

Премьер-Министр іске асыру кезінде халықаралық тәжірибені ескеріп, тиімділігі жоғары шараларды қолдану қажеттігін атап өтті.

Бұдан басқа бизнеспен өзара іс-қимыл кезінде, атап айтқанда, мемлекеттік-жекешелік әріптестік тетігі арқылы қажетті инфрақұрылым құрылысын жандандыру қажеттігі айтылды.

Өзгелердің жаңалығы