Alatau City-дегі жеңілдіктерді кез келген компания ала алмайды

Үкімет арнайы бақылау механизмін әзірледі.

 alatau.city Бүгiн 2026, 13:13
Бүгiн 2026, 13:13
102
Фото: alatau.city

Алматы мен Қазақстанның өзге өңірлеріндегі компаниялар Alatau City-де тіркелу арқылы салық жүктемесін жасанды түрде төмендете алмайды. Бұл туралы Үкіметте өткен баспасөз конференциясында Премьер-министрдің орынбасары Қанат Бозымбаев мәлімдеді, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.

Журналистер бизнес салықтық жеңілдіктер үшін жаппай Alatau City-ге қайта тіркеліп кетпеуі үшін қандай тетіктер қарастырылғанын сұрады. Бозымбаевтың айтуынша, бұл мәселе экономикалық қауіпсіздікпен тікелей байланысты.

Бұл – экономикалық қауымдастық пен экономикалық қауіпсіздікке қатысты негізгі мәселенің бірі болды. Арнайы механизм болады, ол қарастырылған және арнайы акт қабылданады. Мысалы, сіздің Алматыда құрылыс компанияңыз бар делік. Сол жерде табыс тауып отырып, компанияны Alatau City-де тіркеп, аз салық төлейміз деп ойласаңыз, қатты қателесесіз, – деді Қанат Бозымбаев.

Ол Alatau City-де жай ғана тіркелу немесе аффилиирленген компания ашу арқылы салықтан жалтару мүмкін болмайтынын атап өтті.

Alatau City арқылы салықтан жалтару мүмкін емес. Преференция тек сол жерде тіркеліп, нақты жұмыс істеп, табысын Alatau City-де табатын компанияларға беріледі. Ал Alatau City-ден тыс жерде алынған табыс қолданыстағы заңнамадағы мөлшерлеме бойынша салық салынады, – деді Премьер-министрдің орынбасары.

«Alatau City Authority» мемлекеттік қорының бас атқарушы директоры Әлішер Әбдіқадыров та заң жобасында салықтық жеңілдіктерді теріс пайдалануға қарсы арнайы норма қарастырылғанын айтты.

Заңда салық тұрақтылығы қағидаты туралы жеке 15-бап бар. Онда салықтық преференцияларды теріс пайдалануға бағытталған операциялар мен мәмілелерге жол берілмейтіні нақты жазылған. Жеңілдіктер тек жаңа жобаларға ғана берілуі мүмкін, – деді Әлішер Әбдіқадыров.

Оның айтуынша, Қазақстанның басқа қалаларындағы компаниялардың Alatau City арқылы салық жүктемесін оңтайландыру әрекеттері нәтиже бермейді.

Қазақстанның кез келген қаласынан салық жүктемесін осылай азайту әрекеті іске аспайды. Біз Қаржы министрлігімен және Мемлекеттік кірістер комитетімен бірге барлық алгоритмді алдын ала пысықтап қойғанбыз, – деп түсіндірді мемлекеттік қор басшысы.

Еске салайық, бұған дейін Ұлттық экономика вице-министрі Бауыржан Омарбеков Алатау қаласында жұмыс істейтін компанияларға қандай жеңілдіктер берілетінін айтқан болатын.

Наверх