1986 жылы Алматыда болған Желтоқсан оқиғасына арналған деректі фильм Қалдыбай Әбенов пен Рубикжан Яхиннің тағдырына, олардың қоғамдағы рөлі мен азаматтық ұстанымына терең бойлайды, деп хабарлайды BAQ.KZ.
Туындының «Алаң» деп аталуы кездейсоқ емес. Біріншіден, сол кезеңде республикада қордаланған саяси түйткілдер мен шешімін таппаған ұлттық мәселелер – демографиялық ахуал, қазақ тілінің жай-күйі, білім беру саласындағы қайшылықтар – қазақ жастарын бір нүктеге, яғни алаңға жинады. Екіншіден, алаңға жиналған жастардың жан айқайын, ой-талаптарын таспаға түсірген қазақ режиссерлері Қалдыбай Әбенов пен Рубикжан Яхин сол сәттегі алаң көңілден өмірлік әрі көркем шындықты көре білді. Үшіншіден, ұлт көсемі Әлихан Бөкейхан «Қазақ тарихы» мақаласында айтқан «Алаш – отан кісісі, алаң – шетел кісісі» деген пайымға үндес түрде, Қазақстанға мүлде бейтаныс адамның билікке келуі де фильм атауына арқау болған.
Деректі фильмде Қалдыбай Әбенов пен Рубикжан Яхиннің өмір жолы мен ұстанымдары арқылы сол дәуірдің философиялық әрі әлеуметтік сипаты ашылады. Бұл – жеке тұлғалар тағдыры арқылы тұтас кезеңнің болмысын танытатын еңбек.
Қалдыбай Әбенов қоғамдағы өзгерістерге терең пайыммен қараған, тарихтың ауыр сынақтарынан өткен тұлға ретінде көрінеді. Оның азаматтық болмысы әлеуметтік әділеттілікке, адам құқығын қорғауға бағытталған көзқарастарымен айқындалады. Ұлттың бірлікке ұмтылысын қақтығыс пен қайшылық арқылы бейнелеген «Аллажар» фильмі халықтық құндылыққа айналғаны да осы еңбекте кеңінен қамтылады.
Ал Рубикжан Яхин – Желтоқсан ақиқатын бүкпесіз жеткізген шынайы шежіреші. Оның әрекеті жай ғана саяси қарсылық емес, терең философиялық мазмұнға ие құбылыс ретінде сипатталады. Әділетсіздікке қарсы тұрған, өз құқығы үшін тайсалмай күрескен жастардың ортасында жүріп, операторлық шеберлікпен тарихи сәттерді камерасына түсіруі – оның еңбегінің құндылығын арттыра түсті.
Яхин түсірген кадрлар алаңдағы ашу мен толқуды, қоғамдағы өзгеріске деген құштарлықты қаз-қалпында көрсете отырып, жастарды да, азаматтық қоғамды да еркіндік пен теңдікке үндеді.
Бұл деректі фильм Қалдыбай Әбенов пен Рубикжан Яхиннің өміріндегі шешуші кезеңдерді, олардың қоғамдық және саяси көзқарастарын саралау арқылы 1986 жылғы Желтоқсан көтерілісінің мән-маңызын тереңірек түсінуге жол ашады. Сонымен бірге тарихи оқиғалардың адам тағдырына қалай әсер еткенін, сол сын сәттердің олардың рухани және философиялық дүниетанымын қалай өзгерткенін айқын көрсетеді.
Әр көрермен үшін бұл туынды Желтоқсан дүрбелеңіне жаңаша ой тастап, сол дәуірдегі саяси, әлеуметтік әрі рухани күрестердің терең астарын сезінуге мүмкіндік береді.