Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. 79 жасқа қараған шағында көрнекті жазушы, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, Берік Шаханов қайтыс болды.
Ол халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты, «Ерен еңбегі үшін» медалінің, «Парасат» орденінің иегері, Жамбыл облысы Сарысу ауданының Құрметті азаматы еді.Б.Шаханұлы 1941 жылы 5 қарашада Жамбыл облысы, Сарысу ауданы, «Жайылма» ауылында туған. ҚазМУ-дің (қазіргі ҚазҰУ) филология факультетінің журналистика бөлімін бітірген. Жамбыл облыстық «Еңбек туы» газетінде, «Лениншіл жас» (қазіргі «Жас алаш») газетінде әдеби қызметкер, «Жазушы» баспасында редактор, аға редактор, «Жұлдыз» журналында әдеби қызметкер болды. 1991-2002 жылдары Қазақстан Жазушылар одағында аға референт, кәсіподақ комитетінің төрағасы, 2002-12 жылдары Қазақстан Жазушылар одағы басқарма Төрағасының орынбасары, 2012-18 жылдары Басқарма хатшысы, Төрағасының кеңесшісі қызметін атқарды.
«Ғашықтың тілі», «Ақ иірім», «Қаратауды самалы», «Ночь в горах» (орыс тілінде), «Құса», «Көрген түстей дүние», «Поезда кездескен қыз», «Қоңыр жон» повесть, әңгімелер жинағы, таңдамалы шығармаларының екі томдығы жарық көрген. Жеке жинақтары орыс, әзербайжан, түрік тілдерінде шыққан. Әзербайжан жазушысы Анардың «Ақ жағалау» атты повестер, әңгімелер жинағын, нивхы жазушысы Владимир Сангидің «Қайырлы маусым» романы мен бір топ әңгімелерін қазақ тіліне аударып бастырған.
2011 жылы Әзербайжан Республикасындағы Махмұт Қашқари атындағы халықаралық қордың «Алтын сөз» сыйлығы, 2016 жылы Махмұт Қашқари атындағы медалі берілген.
Ертең, 1 қыркүйек күні сағат 10.00-де Алматы қаласы Шевченко көшесі 129 үйде жазушыны ақтық сапарға шығарып салу рәсімі өтеді.