Үшарал қаласында «Нұрлы жер» бағдарламасымен салынған бес қабатты 20 пәтерлік 2 тұрғын үй пайдалануға берілді, деп хабарлайды BAQ.KZ.
Үй кезегінде тұрғандар, соның ішінде көп балалы отбасылар, ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балалар, халықтың басқа да әлеуметтік әлжуаз топтары көптен күткен қуанышқа кенелді,.
Жетісу облысы әкімдігі баспасөз қызметінің мәліметінше, қазіргі кезде Алакөл ауданында тұрғын үй кезегінде 1511 адам тұр. Солардың ішіндегі 40 адам салынып біткен екі тұрғын үй пәтерлерінің кілтін қолдарына алды. Жаңа қоныс иелерін қуаныштарымен құттықтаған аудан әкімі Алмас Әбдинов жуық арада Үшарал қаласында тағы бір 60 пәтерлік жалгерлік үй салынатынын айтты.
Іске қосылған көп қабатты үйлердің құрылысы 2021 жылдың мамыр айында басталып, өткен жылдың қаңтар айында аяқталған болатын. Құрылыс-монтаж жұмыстарын «Бағалы – Алакөл» ЖШС мердігер компаниясы жүргізді. Үйлерде екі және үш бөлмелі пәтерлер саны 10-нан, бір бөлмелі пәтер саны - 20.
Жалпы Жетісу облысында тұрғын үй салу жұмыстары жоспарлы түрде жүргізілуде. Өткен жылы 295 мың шаршы метр тұрғын үй бой көтерген. Биыл да құрылыстың осы қарқыны сақталады, атап айтқанда бюджет қаржысына 161,9 мың шаршы метр, сол сияқты коммерциялық тұрғын үй 21,1 мың шаршы метр салынады.