Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. ҚР Төтенше жағдайлар министрлігі Алакөл жағажайында болған өртке қатысты түсініктеме берді.
ТЖМ-нің ресми өкілі Талғат Уәли 4 шілдеде Алакөл көлінің жағалауында шыққан өрттен 4 демалыс орынының 17 нысаны түгелдей өртеніп кеткенін айтты.
Кеше сағат 23. 08 кезінде Шығыс Қазақстан облысы ТЖД-нің кезекші бөліміне Алакөл көлінің маңында өрт шыққаны туралы хабарлама келіп түсті. Сағат 23.10 кезінде оқиға орнына өрт сөндіру техникасының алғашқы легі жетті. Өрт Керуен демалыс орнынан шыққан. Екіпінді желмен өрт жақын тұрған нысандарға тарады, оның үстіне ғимараттар тез жанғыш ағаш материалдарынан жасалған. Өрт сөндірушілер келгенде жалын 1000 ш.м. тарап үлгерген.
Өрт сөндірушілер қосымша күштердің қажеттілігі туралы хабарлама берген. Т. Уәлидің айтуынша, ол жерге ең жақын орналасқан өрт сөндіру бекетінің өзі 150 шақырым жерде екен.
Өрт сөндіруге 150 км жердегі Үржар, Мақаншы ауылдарынан өрт сөндірушілер келді, сондай-ақ қосымша Тарбағатай, Аягөз аудандарынан өрт сөндірушілер және жергілікті атқарушы органдар мен полиция қызметі, Тарбағатай ұлттық паркінің қызметкерлері жұмылдырылды. Өрт сөндіру жұмыстарына 186 адам, 30-ға жуық техника қатысты. Түнгі сағат 02.48 кезінде өрт оқшауланды, таңғы сағат 04.00-де толығымен сөндірілді. Демалыс орнында уақытша өрт сөндіру бекеті бар. Олар не бары екі минутта оқиға орнына жетті. Ол бекетте өрт сөндіру техникасы мен штаттық көлік болады. Олар өрттің аумағына қарай жұмыс істейді, егер аумақ үлкен болса қосымша күштерді шақырады,-деді Т. Уәли.
Жағалаудағы өрт 3 мың шаршы метрге тараған. Негізінен Керуен, Әлихан, Жібек Жолы және Әйгерім демалыс орындарындағы 17 нысан өртеніп кеткен.
Сондай-ақ өрт кезінде 7 адам түрлі дәрежеде жарақат алған, бірақ күйіп қалу деректері тіркелмеген. Қауіпсіз жерге көшіру барысында денесінің бір жерін сырып алу сияқты жеңіл жарақаттар болған. Демалыс базасында нақты қанша адам болғаны туралы ақпарат жоқ.