Абай облысындағы Алакөл жағалауында жүргізілген рейдтік іс-шаралар барысында Төтенше жағдайлар министрлігінің қызметкерлері демалушыларға көмек көрсетті.
Көлде жүрген кезде шағын көлемді катердің техникалық ақауға байланысты қозғалтқышы істен шыққан. Катердің ішінде бес турист болған. Олар өз күштерімен жағаға жете алмаған.
Оқиға туралы хабар түскен бойда ТЖМ құтқарушылары оқиға орнына жедел жетті. Катердегі барлық адам қауіпсіз түрде эвакуацияланып, жағаға жеткізілді. Олардың ешқайсысына медициналық көмек қажет болған жоқ.
Туристер жедел әрекет етіп, дер кезінде көмек көрсеткен құтқарушыларға алғыс білдірді.
Төтенше жағдайлар министрлігі суға шығар алдында жүзу құралдарының техникалық жағдайын мұқият тексеруге, ауа райын ескеруге және міндетті түрде құтқару кеудешелерін алуға кеңес береді.