Абай облысында құтқарушылар Алакөл көліндегі аралдардың бірінде қалып қойған отбасын қауіпсіз жерге эвакуациялады.
Төтенше жағдайлар департаментінің қызметкерлері көл акваториясында профилактикалық патрульдеу жүргізу барысында көмекке мұқтаж демалушыларды байқаған.
Белгілі болғандай, отбасы мінген жалға алынған шағын көлемді кеме техникалық ақауға ұшырап, олар өз күштерімен жағалауға қайта алмаған.
Құтқарушылар арнайы жүзу құралын пайдаланып, төрт адамды, оның ішінде бір баланы аман-есен жағаға жеткізді. Эвакуацияланғандардың ешқайсысына медициналық көмек қажет болған жоқ.
Төтенше жағдайлар министрлігі азаматтарға суға шығар алдында жүзу құралының техникалық жарамдылығын міндетті түрде тексеруді, кемеге шамадан тыс жүк артпауды, құтқару кеудешесін киюді және ауа райы жағдайын ескеруді еске салды.