Абай облысында Алакөл жағасында қайғылы оқиға болды. Катерден суға секірген 17 жастағы жасөспірім құтқару желетісіз 500 метр қашықтықта батып кетті, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Оқиға Алакөл көлінің шығыс жағалауында, Абай облысы аумағында тіркелді. Жасөспірім демалушылармен бірге катермен серуендеп жүрген кезде суға түсіп, қайта шыға алмай қалған. Оқиғаның видеосы әлеуметтік желіге тарап кетті.
Ескерту: бейнежазбада бейәдеп сөздер бар.
Катерде құтқару құралдары толық болмаған
Бейнежазба кадрларына қарағанда, катерде ересектер мен балалар бірге демалған. Бірақ барлығында бірдей құтқару жилеті болмаған. Жасөспірім суға секірген сәттен кейін жағдай күрт ушығып, оны құтқаруға тырысқан адам артынан суға түсіп, құтқару шеңбері лақтырылғанымен, шеңбер катерге байланған болған. Сол себепті оның ұзындығы жетпей, көмек көрсетілмей қалды.
Видео соңында жасөспірімнің қолын сермеп, ауа жетпей жатқан сәті көрінеді. Құтқаруға тырысқан адамға жабысып, оны да суға тарта бастаған. Осы сәтте катер жақындағанымен, жасөспірім су астына кетіп үлгерген.
Катер иесіне қатысты тергеу басталды
Абай облыстық полиция департаментінің хабарлауынша, жасөспірім суға шомылуға арналмаған аумақта, жағалаудан шамамен 500 метр қашықтықта катерден секіріп, құтқару жилетін кимеген. Соның салдарынан суға батып кеткен.
Алдын ала мәлімет бойынша, 17 жастағы бозбала Алакөл көлінде шомылуға арналмаған жерде суға түскен. Ол катерден құтқару жилетінсіз секіріп, көз жұмды, – делінген полиция хабарламасында.
Аталған дерек бойынша 32 жастағы катер иесіне қатысты Қылмыстық кодекстің 306-бабы 3-бөлігі бойынша ("Қауіпсіздік талаптарына сай келмейтін қызмет көрсету салдарынан абайсызда адам өліміне әкеп соқтыру") сотқа дейінгі тергеу басталды.
Қазіргі таңда қажетті сараптамалар тағайындалып, оқиғаның мән-жайын анықтауға бағытталған тергеу әрекеттері жүріп жатыр.
Бұған дейін де Алакөл көлінде қайғылы оқиға орын алған еді. Демалып жүрген 63 жастағы әйелді катер қағып, ол оқиға орнында қаза тапты. Әйел жағадан шамамен 100 метр қашықтықта жүзіп жүрген.
Бұған дейін хабарлағанымыздай, жаз басталғалы Алакөл жағасында 120-дан астам бала жоғалған.
2025 жылғы 3 тамыз күні Абай облысы ТЖД құтқарушылары патрульдеу барысында жағалаудан 20 км қашықтықтағы аралда қалып қойған 14 адамды, оның ішінде 8 баланы эвакуациялады. Қайықтың ақаулығы салдарынан топ өз бетінше жағаға шыға алмай жауын-шашын мен бұршақ астында тұруға мәжбүр болды.