Алакөлде демалушылар үшін чехиялық ұшақтар қызмет көрсетеді

10 Қаңтар 2019, 21:20
3325
Бөлісу:
Алакөлде демалушылар үшін чехиялық ұшақтар қызмет көрсетеді

Талдықорған, baq.kz. Талдықорған әуежайында Чехияда жасалған L-410 модельді екі ұшақтың таныстырылымы өтті. 

Оған облыс әкімі Амандық Баталов, «БРК-Лизинг» АҚ басшылығы мен чехиялық сынаушы-ұшқыштар қатысты. Әуе кемелері «БРК-Лизинг» АҚ көмегімен сатып алынып, одан әрі инфрақұрылымдық «Нұрлы жер» мемлекеттік бағдарламасының аясында қаржылық лизингіге беріледі, - деп хабарлайды Алматы облысы әкімінің баспасөз қызметі.

Алакөлде демалушылар үшін чехиялық ұшақтар қызмет көрсетеді

2018 жылы шыққан, 19 орындық L-410 ұшақтарын «Жетісу» авиакомпаниясы» АҚ жергілікті әуе жүйесіне қызмет көресету үшін алды. Оның біреуі Талдықорған – Үшарал – Үшарал, Алматы – Үшарал – Алматы бағытына ұшатын болады. Ал екіншісі санавиация ұшағы ретінде пайдаланылады.

Жағымды жаңалықпен құттықтаған облыс әкімі Амандық Баталов ұшақ сатып алардың алдында оның ұшу-техникалық сипаттамасы толықтай зерттелгенін, оның корпусын безендіру дизайнын өңірдің мамандары дайындағанын атап өтті.

Алакөлде демалушылар үшін чехиялық ұшақтар қызмет көрсетеді

- Бүгін біз қуанышты жағдайға жиналып отырмыз. Талдықорған әуежайына біздің арнайы тапсырысымызбен Чехияда жасалған жаңа ұшақтар келіп қонды. Бұлар шағын ұшақтар болса да, ішкі рейстерді қамтамасыз етуде маңызы зор болмақ. Мемлекет басшысы ішкі туризмді белсенді дамытуды тапсырды. Енді Алакөл жағалауында демалғысы келетіндер үшін Үшаралға ұшақпен жетуге мүмкіндік туып отыр. «БРК-Лизинг» АҚ компаниясының басшылығына «Нұрлы жол» мемлекеттік бағдарламасы шеңберінде осы әуе кемелерін сатып алуға жағдай жасағаны үшін ризашылық білдіремін. Мұның бәрі облыстың одан әрі өсіп-өркендеуі үшін, қала тұрғындары мен қонақтары үшін жасалған зор мүмкіндік, - деді А. Баталов. 

Сол сияқты Астана қаласымен әуе байланысы үшін 50 орындық ұшақ алу алдағы жоспарда бар екенін де тілге тиек етті.

Мұнан соң «БРК-Лизинг» АҚ басқарма төрағасы Нұрлан Байбазаров та тілегін білдіріп, жетісулықтарды авиапарктің жаңаруымен құттықтады. Бұл жаңа әуе кемелерінің іске қосылуы өңір тұрғындарына көрсетілетін көліктік қызмет сапасын арттыруға ықпал ететін жеткізді.

Жалпы «Aircraft Industries» - Чехия республикасындағы жолаушы ұшақтарын өндіруші ірі компаниялардың бірі, авиациялық өндірісте көпжылдық тәжірибесі бар, 1 мыңнан астам қызметкер жұмыс істейтін іргелі кәсіпорын. L-410 модельді әуе кемелері әлемнің 50-ден астам елінде қызмет көрсетеді, қауіпсіздік және үнемділік жағынан заман талаптарына жауап бере алады. Ең жоғарғы крейсерлік жылдамдығы 335 км/сағ., 500 кг жүкпен 1400 шақырымға дейінгі ұзақтықта үша алады.
Өзгелердің жаңалығы