Алакөл жағалауына 9,6 млрд теңге инвестиция тартылды: Ақши мен Көктұмадағы туризм қалай дамып жатыр?

Коммуналдық инфрақұрылымды дамыту жұмыстары да жүргізіліп жатыр.

12 Тамыз 2026, 09:17
АВТОР
 ile-tany.kz 12 Тамыз 2026, 09:17
12 Тамыз 2026, 09:17
92
Фото: ile-tany.kz

Алакөл жағалауында туризм қарқынды дамып келеді. Кейінгі төрт жылда мұнда 9,6 млрд теңгеге 58 туристік нысан іске қосылып, биыл тағы 10 нысан ашу жоспарланған. Жетісу облысының әкімдігі BAQ.KZ редакциясының Ақши мен Көктұмадағы инфрақұрылым, инвестициялық жобалар, жер мәселесі және жылжымайтын мүлік нарығының болашағына қатысты маңызды сұрақтарға жауап берді.

Алакөл ауданында 233 орналастыру орны жұмыс істейді

2026 жылғы бірінші тоқсанның статистикалық деректеріне сәйкес, Алакөл ауданында 233 орналастыру орны жұмыс істейді. Онда біржолғы сыйымдылығы 15 020 төсек-орын бар.

2022-2025 жылдар аралығында Алакөл көлінің жағалауында жалпы инвестиция көлемі 9,6 млрд теңгеллік 58 туристік нысан іске қосылды. Бұл көрсеткіш өңірдің туристік әлеуетіне инвесторлар тарапынан қызығушылықтың тұрақты екенін көрсетеді.

Биыл тағы 10 туристік нысан ашу жоспарланған

2026 жылы Алакөл көлінің жағалауында жалпы құны 6,3 млрд теңге болатын 10 туристік нысанды іске қосу жоспарланған. Қазіргі уақытта жоспарланған жобалардың жетеуі іске қосылды. Аталған нысандарға салынған жеке инвестициялардың жалпы көлемі 3,6 млрд теңге. Әкімдік мәліметінше, қалған жобалар бойынша құрылыс жұмыстары белгіленген жоспарға сәйкес жүргізіліп жатыр.

Көлге жету жеңілдеді

Алакөл көлінің жағалауында туристік инфрақұрылымды одан әрі дамыту және курорттық аймақтың инженерлік қамтамасыз етілу деңгейін арттыру мақсатында бірқатар ірі инфрақұрылымдық жобалар кезең-кезеңімен іске асырылып жатыр.

Атап айтқанда, ең алдымен көлге көліктік қолжетімділік жақсартылды. Осы мақсатта 2024 жылы ұзындығы 180 шақырым болатын «Үшарал – Достық» автомобиль жолын реконструкциялау жұмыстары аяқталды.

Ал 2025 жылы ұзындығы 313,5 шақырым «Талдықорған – Үшарал» автомобиль жолын реконструкциялау жұмыстары аяқталды. Сонымен қатар Үшарал қаласындағы әуежайдың ұшу-қону жолағы жаңғыртылды. Жазғы маусымда көлге көліктік қолжетімділікті қосымша қамтамасыз ету мақсатында тұрақты түрде әуе және теміржол бағыттары ұйымдастырылады.

Ақши ауылындағы электр тапшылығы жойылды

2025 жылы «Бескөл-182» қосалқы станциясын жаңғырта отырып, «Ақши» жаңа қосалқы станциясына электр беру желісінің құрылысы аяқталды. Электр беру желісінің ұзындығы 56,7 шақырым.

Бұл жоба Ақши ауылын ғана емес, оған іргелес елді мекендерді де тұрақты әрі үздіксіз электр энергиясымен толық қамтамасыз етуге мүмкіндік берген. Нәтижесінде электр энергиясының тапшылығы жойылып қана қоймай, қосымша электр қуатының резерві қалыптасты.

Ақшиде ірі кәріз тазарту кешені салынып жатыр

Коммуналдық инфрақұрылымды дамыту жұмыстары да жүргізіліп жатыр. Қазіргі уақытта Ақши ауылында кәріздік тазарту құрылыстарын салу жобасының II кезеңі іске асырылып жатыр. Бұл жобалық қуаты бойынша еліміздегі ірі жобалардың бірі.

Нысан тәулігіне 6,5 мың текше метрге дейін ағынды суды тазартуға мүмкіндік береді. Тазартылған кәріз сулары кейін техникалық мақсаттарда қайта пайдаланылуы мүмкін. Жалпы, кәріз жүйесін салу жұмыстары 2022 жылы басталған. Нысанның жоғары қуаттылығы курорттық аймақтардың болашақтағы даму қарқынын ескере отырып жоспарланған.

Нысанды жыл соңына дейін пайдалануға беру жоспарланып отыр. Сонымен қатар жобаның I кезеңі аясында ауылішілік ұзындығы 69,7 шақырым кәріз желілері салынды.

Ақши мен Көктұмада 14 шақырым жағалау қорғалады

Тағы бір маңызды жоба – жағалауды шайылудан қорғауға бағытталған жағалауды бекіту құрылыстарын салу. Жобаны 2027 жылдың соңына дейін аяқтау жоспарланып отыр.

Жоба шамамен 14 шақырым жағалау аумағын қамтиды, оның ішінде 10,43 шақырым Ақши ауылы жағынан және 3,56 шақырым Көктұма ауылы жағынан орналасқан. Қазіргі уақытта 2,2 шақырымнан астам жағалау бекітілді.

Жоба аясында жағалау аумағының қолжетімділігін қамтамасыз ету мақсатында баспалдақтар, пандустар, көтергіш құрылғылар және модульдік санитариялық тораптар орнату көзделген.

Жер учаскелері қалай бөлінеді?

Кейінгі бес жылда Ақши және Көктұма ауылдарында тұрғын үй және туристік нысандарды орналастыру үшін жер учаскелерін беру жұмыстары қолданыстағы жер заңнамасының талаптарына сәйкес жүргізілді. Бұл ретте аталған елді мекендердегі жер учаскелерінің нақты саны, көлемі, нысаналы мақсаты және құқықтық мәртебесі жер кадастрының деректері негізінде айқындалады.

Туристік аймақтың қарқынды дамуына байланысты бос жер учаскелерінің болуы және оларды инвесторларға ұсыну мүмкіндігі әрбір учаске бойынша жеке қарастырылады.

Бұл ретте жер учаскесінің бас жоспарға және егжей-тегжейлі жоспарлау жобасына сәйкестігі, нысаналы мақсаты, сондай-ақ инженерлік инфрақұрылыммен қамтамасыз етілу мүмкіндігі ескеріледі.

Әкімдік жылжымайтын мүлік нарығының әлеуетін қалай бағалайды?

Алдағы 3-5 жылда Ақши және Көктұма ауылдарындағы жылжымайтын мүлік нарығының даму әлеуеті жоғары деп бағаланады. Бұл, ең алдымен, Алакөл жағалауының туристік тартымдылығының артуымен, туристік нысандар санының өсуімен және инженерлік әрі көлік инфрақұрылымының кезең-кезеңімен жақсартылуымен байланысты.

Нарықтағы бағаға сұраныс пен ұсыныс көлемі, жер учаскесінің орналасқан жері, нысаналы мақсаты, инженерлік инфрақұрылымға қосылу мүмкіндігі және құрылыс жүргізуге қойылатын талаптар сияқты бірқатар факторлар әсер етеді.

Жалпы, Алакөл жағалауының туристік әлеуетін одан әрі арттыру, инженерлік инфрақұрылымды дамыту және инвестициялық жобаларды іске асыру ауданның экономикалық белсенділігін күшейтіп, жаңа жұмыс орындарын ашуға және жергілікті халықтың табысын арттыруға бағытталған.

Наверх