Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Бұл ұсыныс Маңғыстау облысының орталығы Ақтау қаласында, Бейнеу, Қарақия, Маңғыстау және Мұнайлы аудандарында өткен «Ақтау-Бейнеу» жол учаскесінде ақылы жүйені енгізу мәселелері бойынша қоғамдық тыңдауда айтылды.
Маңғыстау облысының ерекшелігі, өңірдің экономикасы көлік тасымалымен тығыз байланысты. Сондықтан ақылы автожолдар бойынша өңірде өткен барлық қоғамдық тыңдауларда жиі көтерілген мәселелерінің бірі жүк көліктеріне жеңілдіктер қарастыру болды. Атап айтқанда, тұрғындар облыс ішінде ауыр автокөліктердің жүруі үшін қол жетімді жылдық абонементтерді қарастыруды сұрады.
Сондай-ақ, әр ауданда жергілікті тұрғындар ақылы жолдардың бойында, олардың техникалық санаттарға жататындығына қарамастан, жүргізушілерді үй-жануарларынан қорғайтын қоршауларды орнатуды, сондай-ақ мал өткелдерінің санын арттыруды, арнайы ескерту белгілерін және жануарлардың жолға шығуы мүмкін жерлерде жарықтандыру орнатуды сұрады. Белгілі болғандай, аймақта түнде ірі қара малдың жол үстіне шығып кетуі өте жиі кездеседі. - делінген ақпаратта.
«ҚазАвтоЖол» ҰК» АҚ Маңғыстау филиалы директорының орынбасары Қажымұрат Суйебаев қазіргі уақытта Ақтау мен Жетібай ауылы арасында малдан қоршау орнатылғанын, сондай-ақ мал өткелдерінде жарықтандыру бағаналарын орнату қарастырылғанын хабарлады. Оның айтуынша, осындай шаралар Жетібай мен Шетпе арасындағы учаскеде де жоспарланып отыр.
Маңғыстау облысында өткен қоғамдық тыңдауларға жергілікті тұрғындардың барлық сұрақтары мен ұсыныстары хаттамаға енгізіліп, шешім қабылдау үшін ұлттық компания басшылығына тапсырылады.