Қазақстандықтарға "Моя прекрасная няня" сериалы арқылы танымал болған ресейлік актриса Анастасия Заворотнюк қайтыс болды, деп хабарлайды BAQ.KZ.
Эстрада жұлдызының қазасы туралы ақпарат оның Instagram-дағы ресми парақшасында жарияланды.
Құрметті достар! Мұны түйсініп, сөзбен жеткізу өте қиын. Бүгін түнде ұзақ уақыт бойы ауыр сырқатпен арпалысқан Настя дүниеден өтті. Біз оның денсаулығына алаңдап, дұға жасап, сенім білдірген әрқайсыңызға алғысымызды білдіреміз. Настя әрдайым сіздердің қолдауларыңызды сезініп жүрді, әрі бағалады. Бүгін кешке қоштасу рәсімі қашан және қай жерде өтетінін қосымша хабарлаймыз, - делінген хабарламада.
Айта кетейік, Анастасия Заворотнюк не бәрі 53 жаста болған. 2019 жылдың тамызында актрисаның ауыр дертке шалдыққаны белгілі болды. Ол ұзақ жыл мидың қатерлі ісігімен күресіп келді. Өнер жұлдызының артында үш баласы қалды: 28 жастағы Анна, 23 жастағы Майкл және 5 жасар Мила.